Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтеріп, заң талаптарын орындамаған кәсіпкерлерден 56 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауда және интеграция министрлігі тексеріс барысында көптеген кәсіпкердің заңда белгіленген 15 пайыздық үстемеден асырып, бағаны қымбаттатып жібергенін анықтады.
Баға көтеруден бөлек, бір тауарға әртүрлі баға белгілеу, бағаларды жазбау және бұрынғы заң бұзушылықтарды қайталау фактілері де тіркелді. Сонымен қатар кей кәсіпкерлер тексеру жүргізген мемлекеттік органдардың қызметіне кедергі келтіріп, ескертулерді елемей отыр.
Жыл басынан бері осындай заң бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған кәсіпкерлердің саны 1400-ден асқан.
Ведомство бақылауды күшейткенімен, жағдай әлі толық реттелмеген. Аймақтарда өндірушіден дүкен сөресіне дейінгі барлық сауда тізбегін мұқият тексеретін арнайы комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ арадағы делдалдық схемалар анықталуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







