Жамбыл облысы Жуалы ауданында енесінің атынан жасырын түрде онлайн несие рәсімдеген әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға 2025 жылдың қарашасында орын алған. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы Б. өз атына несие ала алмағандықтан, басқа жол іздеген. Ол енесінің жеке деректерін пайдаланып, оның атынан 1,5 млн теңгеге онлайн несие рәсімдеген. Онлайн рәсімдеу барысында сотталушы енесінің ұялы телефонын алып, растау кодын енгізген және бет-әлпетті тексеру кезеңінен өткен.
Нәтижесінде рәсімделген несиеден 1,1 млн теңге жәбірленушінің (енесінің) банк шотына түскен. Сотталушы бұл соманы дереу өз шотына аударып, жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген.
Енесі бұл жағдайдан несие төлемдері туралы хабарламалар келгеннен кейін ғана хабардар болған. Артынша ол құқық қорғау органдарына шағымданған.
Сот отырысында сотталушы әйел өз кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін айтты. Жәбірленуші тарап соттан келініне бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза беруді және материалдық шығынды қайтаруды сұрады.
Сот үкімімен айыпталушы Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ келін енесіне келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







