АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату келісімі долларға қысымды күшейтіп, соңғы үш айдағы ең ірі апталық құлдырауына әкелуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Reuters-тің хабарлауынша, Парсы шығанағындағы қақтығыс бәсеңдеп, инвесторлар тәуекелге қайта орала бастады.
Астана уақытымен 11:20-дағы жағдай бойынша, алты негізгі валютамен салыстырғанда доллар индексі 0,08%-ға өсіп, 98,948 пунктке жеткенімен, апталық көрсеткіш бойынша 1,3%-ға жуық төмендеген.
«Соғыс шиеленіскен кезде инвесторлар доллар сатып алып, енді жағдай реттеле бастағанда оны кері сатуда. Өйткені, ең ауыр сценарийдің тәуекелі едәуір азайды», – дейді BNZ сарапшысы Джейсон Вонг.
Оның айтуынша, Исламабадта өтетін АҚШ-Иран келіссөздері негізгі факторға айналып отыр. Егер сенбі-жексенбі күндері келіссөз сәтті өтсе, доллар бағамы одан әрі төмендей түседі. Бірақ мәміле жүзеге аспай қалса, Ормуз бұғазындағы кемелер қозғалысы тоқтаған күйінде қалып, нарықтағы жағдай күрт өзгеруі мүмкін.
Қазірдің өзінде еуро 0,13%-ға (1,1684 доллар), фунт стерлинг 0,14%-ға (1,3414 доллар), австралиялық доллар 0,21%-ға (0,7064 доллар), жаңазеландиялық доллар 0,24%-ға (0,5845 доллар), жапон иені 0,23%-ға (159,31 иен/доллар) арзандады.
Қытай юані ішкі нарықта 6,8316 деңгейінде тұрақтап тұр, офшорлық нарықта – 6,8314.
Криптонарықта биткоин 0,62%-ға төмендеп, 71 968,97 долларға дейін түссе, эфириум 0,99%-ға құлдырап, 2 191,29 долларды көрсетті. Сарапшылар келіссөздер нәтижесі анық болғанша нарықтың әрі-сәрі күйде қала беретінін ескертті.
Доллардың біздің елдегі жағдайы да мәз емес. АҚШ валютасы соңғы бірнеше апта бойы үздіксіз құлдырауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







