Талдықорған жұртшылығы қаланың экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі кәсіпкердің қазасына байланысты қайғырып, аза тұтуда. Өңір өнеркәсібінің тарихы мен тұтас саланың өркендеу жолы Қуаныш Мәдиұлы Әжмағамбетовтің есімімен тығыз байланысты болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өмірде белгілі бір кәсіпті меңгеріп қана қоймай, сол саланың деңгейін биікке көтеріп, оны дамытудың айқын жолын көрсететін тұлғалар сирек. Қуаныш Мәдиұлы өз ісінің майталманы ғана емес, сол істің жаңашыл реформаторы бола білді. Ол Талдықорған аккумулятор зауытының негізін қалаушылардың бірі әрі оны нарықтық экономика жағдайында өркендеткен көрнекті тұлғаға айналды.
Ел экономикасы қиын кезеңді бастан өткерген 90-шы жылдары көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, өнеркәсіп тоқырауға ұшырады. Дәл осы шақта Қуаныш Мәдиұлы қиындыққа мойымай, өз кәсібінің ғана емес, мыңдаған отбасының тағдырын сақтап қала алды.
Оның көрегендігі мен табандылығы арқасында «Қайнар-АКБ» зауыты қиын кезеңдерді еңсеріп, саланың көшбасшысына айналды. Бүгінде бұл кәсіпорын Қазақстандағы ғана емес, ТМД елдеріндегі ең ірі аккумулятор өндірушілердің бірі ретінде танымал. «Қайнардың» өнімдері әлемнің ондаған еліне экспортталып, Жетісу өңірінің атын халықаралық деңгейге шығарды.
Қуаныш Мәдиұлының ұстанымы тек күнкөріс емес, өркендеу мен тұрақты даму болды. Ол кәсіпорынды қарапайым шикізат өндіруші зауыттан халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын толық циклді алпауыт компанияға айналдырды. Бұл зауыт тек табысты бизнес орталығы емес, білікті мамандардың, нағыз индустриялық мектептің шаңырағына айналды.
Ол әрдайым тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, зауыттың өнім сапасына аса мән берді. «Қайнар-АКБ» компаниясының «Алтын сапа» сыйлығына ие болуы мен «Мүлтіксіз» халықтық сапа белгісін алуы осының жарқын дәлелі.
Қуаныш Мәдиұлының қызмет аясы тек өнеркәсіппен шектелмеді. Ол аумақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына да айрықша үлес қосып, инфрақұрылымдық жобаларға қолдау көрсетті. Сонымен бірге, ол денсаулық сақтау, медиа салаларын дамытуға айтарлықтай ықпал етіп, өңірдің жан-жақты дамуына жағдай жасады.
Оның тағы бір ерекше қасиеті – жас буынның бойындағы қабілетті дер кезінде танып, оларды қолдап, бағыт беруі еді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесін алғаш болып басқарғаны да оның абыройы мен қоғамдағы орнының жоғары болғанын айғақтайды. Ол бизнес-қоғамдастықтың мүддесін қорғауда биліктің барлық деңгейінде батыл әрекет етіп, маңызды шешімдерге ықпал етті.
Қуаныш Мәдиұлы кәсіпорын тізгінін келесі буынға табыстағаннан кейін де, Байқау кеңесінің төрағасы ретінде стратегиялық басшылық жасап, кәсіпорынның рухани тірегі болып қала берді.
Бүгінде Қуаныш Мәдиұлы Әжмағамбетов есімі тек басшы ретінде емес, сенімділік пен табандылықтың, өз ісіне деген адалдықтың символына айналды. Оның жарқын бейнесі көпшілікке үлгі болып қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







