Қашаған кенішінің операторы North Caspian Operating Company (NCOC) қоршаған ортаға келтірген зияны үшін Қазақстанға 2,3 трлн теңге төлемей, уақыт созып, халықаралық арбитраждың шешімін күтуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай болжамды Energy Monitor телеграм-каналында мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов жариялады.
Жақында Жоғарғы сот NCOC компаниясының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, істі Атырау облысының Экология департаментіне жолдаған болатын. Енді аталған мекеме күкіртті сақтау ережесін бұзғаны үшін NCOC компаниясына 2,3 трлн теңге айыппұл салуы тиіс. Алайда, сарапшының пайымынша, компания жергілікті сотқа қайта шағым түсіріп, процесті әдейі созуы мүмкін.
«NCOC жергілікті соттағы процесті созып, Вашингтондағы халықаралық арбитраждың шешімін күтуді көздеп отырған сияқты. Өйткені, халықаралық трибуналдың шешімі компания пайдасына болса, олар төлемнен толық босатылуы мүмкін», – деп жазды Жұмағұлов.
Сарапшының сөзінше…
Қазақстан соттарының өзі де істі созып отыр. Сонымен қатар, ол мемлекет NCOC-тан айыппұлды қалай өндіріп алатынына қатысты сұрақ қояды. Заң бойынша компанияның есепшотындағы қаражатты бұғаттауға немесе басшыларының елден шығуына тыйым салуға болады. Алайда, NCOC есепшоттарында Қашаған мұнайынан түскен кіріс шоғырланбайды табыс тікелей акционерлерге («ҚазМұнайГаз», Shell, Eni, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex) аударылады. Олар мұнайды дербес сатады және мемлекетке келісім шарттарына сәйкес тиісті үлесті аударып отырады.
Қашағандағы экологиялық даудың басталғанына екі жылдан асты. Bloomberg агенттігінің дерегінше, NCOC акционерлері күкіртті сақтау ережелерінің бұзылуын және болашақтағы мемлекеттің талаптарын алдын ала білген. Тіпті компания күкіртті өңдеп, сатуға жарамды етуді де қарастырған, бірақ іс жүзінде ешқандай шара қабылданбаған.
Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстан NCOC және Қарашығанақ кенішінің операторы KPO-ға қарсы жаңа талаптар қойды. Мемлекет аталған компаниялар мен олардың акционерлері шығындарды әдейі асыра көрсетіп, мұнайдан түсетін табысты өз пайдасына бұрып алды деп санайды. Bloomberg-тің есебінше, тек KPO компаниясына қойылған талаптар көлемі 6 миллиард долларға жетсе, ICIJ зерттеушілер консорциумы Қашаған бойынша Қазақстанның шағымдары 160 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін деген ақпарат таратқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







