Қазақстанда мектеп бітіру кешіне қойылатын талаптар нақтыланды. Енді аттестат табыстау рәсімі тек білім беру мекемесінің өз ғимаратында өтуі тиіс деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру тәртібіне нақты өзгерістер енгізді. Осынау өзгерістер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған.
Министрлік мектеп бітіру кештерін білім мекемесінен тыс жерде өткізуге қатаң тыйым салды. Сондай-ақ түлектерден, олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен қаржы немесе басқа да материалдық құндылықтар жинауға үзілді-кесілді жол берілмейді.
Жергілікті атқарушы органдарға ешқандай қаржылық шығынды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру міндеті жүктелді. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары күшейтілмек.
Ал ішкі істер органдары бітіру кештері кезінде қоғамдық тәртіп пен түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауы тиіс.
Айта кетелік, бұған дейін алматылық ата-ана президент Тоқаевқа үндеу жолдап, мектеп бітіру кешін қатысты былық-шылықты жайып салған еді.
Шағым авторының айтуынша, әр түлектен бітіру кешіне 200-300 мың теңге көлемінде ақша жинау қалыпты жағдайға айналған. Көпбалалы және қарапайым отбасылар үшін мұндай шығын ауыр жүк.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







