Орталық Азия елдері сырт күштердің «ойын алаңы» болудан қалып, өз алдына дербес ойыншы ретінде қалыптасып келеді. Аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі және Әзербайжанның осы үдеріске қосылуы олардың геосаясаттағы ықпалын арттыруда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Жордж Крол Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның бірігіп, С5 форматын С6-ға айналдыруын маңызды оқиға деп санайды. Оның айтуынша, бастама өңір елдерінің өзара ынтымақтастығын тереңдетіп, сыртқы факторларға төтеп беруге қабілетті болуына септеседі.
«Бұған дейін Орта Азия елдері тәуелсіздігін жариялағаннан кейін әрқайсысы өз егемендігін басымдық етіп, өзара қатынасқа салқындық танытқан еді. Қазір жағдай басқаша. Аймақ елдері өз мәселелерін өздері шешіп, тіпті шекаралық дауларды өзара реттеп отыр. Бұған қоса, Бакудың орта дәлізге деген қызығушылығы оның аймақ елдерімен тығыз қатынасына жол ашты», – дейді дипломат.
Кролдың айтуынша, бұрын аймақтағы ынтымақтастықтың күшеюін АҚШ және басқа да сыртқы ойыншылар ұсынғанымен, енді осы үдеріске аймақ мемлекеттерінің өздері мүдделі болып отыр.
Оған дәлел ретінде биыл қараша айында АҚШ президенті Дональд Трамптың Орталық Азия басшыларымен Ақ үйде өткізген кездесуін атауға болады. Сол кездесуде екіжақты миллиардтаған долларлық келісімдерге қол қойылған еді. Алайда дипломат мұндай келісімдердің іске асуы әлі де белгісіз екенін, инвестициялық кепілдіктерсіз америкалық компаниялардың тәуекелге баруы қиынға соғатынын атап өтті.
«Америкалық компаниялар аймақ елдеріндегі бизнеске барғанда үнемі қауіпсіздік кепілдіктерін іздейді. Бұрынғы келісімдерде жергілікті үкіметтер өз мүдделерін көздеп, инвесторларды жиі шеттетіп отырды. Бұл жағдай Chevron және Exxon Mobil компанияларының 90-жылдардағы келісімдерінен өзге жағдайларда үнемі қайталанып отырды. Сол себепті америкалық бизнес әлі де аймаққа сақтықпен қарайды», – деді елші.
Дегенмен…
Кролдың пікірінше, Орталық Азия әлемнің басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты. Аймақта ірі шиеленістер мен зорлық-зомбылық болмағандықтан, сыртқы инвесторлардың қызығушылығы сақталуда. Орталық Азия мемлекеттері өз арасындағы экономикалық және сауда кедергілерін алып тастап, бірыңғай нарық қалыптастыруға бет бұрса, инвестиция үшін аймақтың тартымдылығы арта түспек. Әзербайжанның қосылуы осы үдерісті жеделдетуі мүмкін.
Аймақ елдерінің өзара тығыз әріптестікке көшуі ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін шешуде де маңызды рөл ойнайды. Әсіресе, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бірлескен стратегия қалыптасуы ықтимал. Дипломат аймақта радикалды исламның ықпалына қарсы бірлескен іс-қимылдар жасалып жатқанын, оның ішінде Сирия мен Ирактағы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарға қатысты алдын алу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Сонымен қатар, Орталық Азияның ядролық қаруды таратпау ісіндегі үлесі де маңызды болмақ. Арал теңізі аймағындағы экологиялық және ядролық қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен жобаларды қолға алды. Бұл үдеріске Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжанның қосылуы да мүмкін. Мұндай бірлескен әрекет аймақтың әлемдік сахнадағы рөлін күшейтеді.
«Орталық Азия елдері ынтымақтастықты күшейтіп, өз мәселелерін өздері шешетін деңгейге жетті. Осылайша аймақ сыртқы күштер ойынының нысаны болудан қалып, өз болашағын өзі анықтайтын қуатты ойыншыға айналуда», – деп қорытындылады америкалық дипломат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







