Ұстаздық жай ғана мамандық емес, бұл ұлттың рухани негізін қалыптастыратын ерекше миссия. Егер дәрігер адамның тәнін емдесе, ұстаз адамзаттың жан дүниесін байытады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» деп ерекше атап көрсеткен еді. Шынында, заман ағымымен бірге білім беру үдерісі де өзгеріп, мұғалімдер алдында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру міндеті тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда тарих пәнінің маңызы айрықша. Өйткені тарих адамзаттың өткені мен бүгінін байланыстырып, келешекке бағдар беретін рухани көпір. Жас ұрпақты ұлттық кодты сақтай отырып, заманауи құндылықтарға бейімдеу – әрбір тарихшы ұстаздың басты парызы.
Қазір білім ордаларында мүлдем жаңа буын өкілдері – ақпаратты клиптік жүйемен қабылдап, сандық технологиялармен еркін байланысатын «Альфа» ұрпағы өсіп келеді. Бұл ұрпақтың ерекшелігі – бір уақытта бірнеше жұмысты қатар атқара алады, тез нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады. Осыны ескере отырып, «Тарих – кино әлемінде» атты авторлық бағдарлама әзірледім.
STEAM және ұлттық код
Бағдарламаның негізгі мақсаты – кинопедагогика арқылы оқушының эмоционалды интеллектін дамытып, тарихи тұлғалардың бейнесін визуалды қабылдау арқылы зерделеуге ықпал ету. Мысалы, «Ескерткіштер сырлары» тарауында еліміздегі сакральды орындар мен тарихи ескерткіштерді зерттеу арқылы оқушылардың тарихи санасы жаңғырады, елге, жерге деген құрметі артады.
Сонымен қатар, заман талабына сай білім беруде пәндердің өзара ықпалдасуы өте маңызды. Осыған орай ағылшын тілі пәнінің мұғалімімен бірлесе отырып «Тамыр мен Қанат: Тарих пен Ағылшын тілінің тоғысқан жері» атты инновациялық жобаны жүзеге асырудамыз.
CLIL әдістемесіне негізделген бұл жобаның ерекшелігі – тарихи шығармаларды ағылшын тілінде талдау арқылы оқушылардың ұлттық рухын жаһандық деңгеймен ұштастыру. Ілияс Есенберлиннің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясын ағылшын тілінде оқып-талдау нәтижесінде шәкірттер өз тарихын халықаралық аренада еркін таныстырып, мақтаныш сезімін терең ұғынады.
Ұлттық құндылықтармен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру да бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте мектептерде жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы арқылы Алаш зиялыларының идеяларын заманауи мемлекеттік саясатпен ұштастыра отырып, оқушылардың бойында елге деген адалдық пен жауапкершілік сезімдерін қалыптастырамыз. Mind Maps (ой-түйін карталары) және Венн диаграммалары сияқты заманауи әдістерді қолдану арқылы оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытамыз.
Ұстаздық мектеп қабырғасымен шектелмейтін өмірлік миссия. Қазіргі білім жүйесінің басты міндеті – оқушыларға білім беру ғана емес, оларға өмірлік бағыт-бағдар көрсетіп, рухани және интеллектуалдық тұрғыда жетілдіру. STEAM тәсілі арқылы білім алушыларға технологиялық әрі ғылыми білімді игерту мен ұлттық құндылықтар арқылы олардың рухани тамырын нығайту – бүгінгі ұстаздың басты ұстанымы болуы керек.
Менің басты мақсатым – қазақ тарихын Оксфорд пен Гарвард университеттерінің төрінде мақтанышпен айтып, рухы биік, білімі терең, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Ұстаздық қызметімде осы мұратты ұстанып, шәкірттерімнің болашақта еліне адал қызмет ететін, ұлттық рухы биік тұлға болып қалыптасуына үлес қоссам деймін.
Гүлназия Ұзақбайқызы, №73 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, педагог-шебер, п.ғ.магистрі, «Үздік педагог-2024»
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







