Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Түрксіб ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Дидар Қабаевтың айтуынша, сөз 2021 жылы болған қылмыстық оқиға туралы болып отыр. Оның мәліметінше, жәбірленуші Алматыдан баспана алу үшін алдын ала төлем ретінде 1,5 миллион теңге әкелген.
Осыны білген танысы Әділетхан Молдаханмен бірге алдын ала жоспар құрып, жәбірленушіні жолда күтіп алып, қолдан жол-көлік оқиғасын ұйымдастырған. Содан кейін ашық түрде ақшаны тартып алған.
Прокуратура өкілінің сөзінше, күдіктілер дер кезінде ұсталып, оларға қамауға алу шарасы қолданылған. Тергеу барысында айыпталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Іс Қылмыстық-процестік кодекстің 382-бабына сәйкес қысқартылған тәртіппен қаралған. Яғни айыпталушылар кінәні мойындап, талап-арызға дау айтпаған. Осындай жағдайда сотта барлық дәлел толық зерттелмей, сотталушылар мен жәбірленушілерден жауап алынып, кейін жарыссөз өтіп, үкім шығарылған.
Нәтижесінде сот Әділетхан Молдахан мен осы іске қатысы бар тұлғаларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Үкімге шағым түспеген және ол заңды күшіне енген.
Осылайша, прокуратура мәліметінше, Әділетхан Молдахан алдын ала ойластырылған жоспар бойынша жасалған тонау ісі бойынша сотталған. Айыпталушылар келтірілген залалды өтеп, кінәні мойындағаннан кейін жаза бас бостандығын шектеу түрінде белгіленген.
Алматыда жалған ақпарат таратты деген күдікпен 10 тәулікке қамалған блогер Әділетхан Молдаханның туыстары президент Тоқаевқа, Бас прокуратура мен Ішкі істерге ашық хат жолдап, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді сұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







