Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша кассациялық сот шешім шығарып, Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің шағымдарын қанағаттандырмай, алдыңғы сот үкімдерін өзгеріссіз қалдырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада өткен сот отырысынан кейін бұл іс кассациялық деңгейде түпкілікті қаралып, бұған дейінгі үкімдер күшінде қалды.
Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі жазбасында сот алқасының шешімін әділдіктің орнауы деп бағалады. Оның айтуынша, сот кеңесу бөлмесіне кеткен кезде қобалжу болғанымен, түпкі шешім шағым иелерінің талабын қолдамау түрінде шыққан.
Еске салсақ, сотталғандар кассациялық шағымда өздерін ақтауды сұраған. Дидар Қалиахметтің қорғаушысы қылмыс құрамының жоқ екенін алға тартса, Азамат Тоқтаубаев жағы үкімді қайта қарауды талап еткен. Алайда кассациялық сот олардың уәждерін негізсіз деп танып, бұрынғы сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, Шерзат Полат ісі бойынша сот процесінің кассациялық кезеңі аяқталды. Жәбірленуші жақ үшін бұл шешім ұзаққа созылған құқықтық даудағы соңғы нүкте ретінде қабылданып отыр.
Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







