Желі қолданушысы Лейла Саралаева Қырғызстандағы соңғы саяси өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Ол Қамшыбек Тәшиевтің қысқа уақыт ішінде ықпалды тұлғадан қатардағы бұрынғы шенеунік деңгейіне түскенін жазды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Автордың айтуынша, кезінде қатқыл мінезі мен жоғары лауазымымен ерекшеленген Тәшиев бүгінде бұрынғы салмағынан айырылғандай әсер қалдырады.
Лейла Саралаеваның сөзінше, бұл өзгеріс әсіресе футбол одағының жиынында анық байқалған. Оның пайымынша, сол жерде Тәшиевтің бұрынғы паңдығы мен өктем сөйлеу мәнері көрінбей, керісінше ол Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, қолдауын ерекше атап өткен.
Желі қолданушысының жазуынша, Тәшиев жиын барысында Қырғыз футбол одағының жетістіктері президенттің тікелей қолдауының арқасында мүмкін болғанын мәлімдеген. Сондай-ақ ол одақты өзі де мемлекет басшысының өтінішімен басқаруға келгенін айтқан.
Саралаеваның сөзінше, Тәшиев президент жарлықтарының негізінде футбол одағына салық, коммуналдық төлемдер және әлеуметтік аударымдар бойынша елеулі жеңілдіктер берілгенін, ал 16 клубқа футбол базаларын салу үшін жер бөлінгенін де атап өткен.
Осы жиында Қамшыбек Тәшиев Қырғыз футбол одағы басшысы қызметінен кететінін жариялаған. Лейла Саралаеваның айтуынша, бұл шешім оның тағы бір жоғары мәртебеден айырылғанын көрсетеді. Автор осы жағдайды Ташиевтің саяси салмағының төмендеуімен байланыстырған.
Желі қолданушысы жазбасының соңында Тәшиевтің ҰҚК төрағасы қызметіндегі кезеңіне де әділ баға берілуі керек деген пікір білдірді. Алайда бұл автордың жеке көзқарасы мен саяси бағасы екенін ескерген жөн.
Қырғызстанда экс-қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Тәшиев Ораза айт намазына қатысып, қоғамға үндеу жасағанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







