Қазақстандағы тасжолдарда соның ішінде Жетісу облысында, лазерлі қауіпсіздік жүйелері енгізіле бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа технология жарық сызықтарын тікелей жол бетіне түсіріп, жүргізушінің кеңістікті жақсырақ бағдарлауына көмектеседі. Мамандар осындай шешім жол апатын айтарлықтай азайтуы мүмкін деп отыр.
Әңгіме жол төсемінің үстіне анық көрінетін жарық бағдарын түсіретін арнайы құрылғылар жайында. Жобаны «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы іске асырып жатыр.
Бұл не үшін керек?
Сала өкілдерінің айтуынша, мұндай жүйе жүргізушіге қозғалыс бағытын дәлірек ұстауға, жол жағдайындағы өзгеріске жеделірек жауап беруге және әсіресе ұзақ, бірсарынды учаскелерде зейінді жоғалтпауға жәрдемдеседі.
Лазерлі бағдар түнгі уақытта және көріну деңгейі нашарлаған сәтте айрықша тиімді саналады. Жарық сызығы жүргізушінің көз алдынан бірден көрінетіндіктен, ақпарат дәстүрлі жол белгісіне қарағанда тезірек қабылданады.
Жоба авторлары мұндай технологияның негізгі мақсаты шаршау мен назардың әлсіреуінен болатын жол-көлік оқиғасын азайту екенін айтады. Олардың дерегінше, осындай шешім бұрын қолданылған елдерде кей учаскеде апат саны 40–50 пайызға дейін төмендеген.
Қазір лазерлі жүйе елдегі ақылы жолдардың 22 учаскесіне орнатылып жатыр. Арасында Қазақстан өңірлерін жалғайтын ірі көлік дәліздері, батыс аймақтардағы бағыттар және Жетісу облысындағы жол бөліктері бар.
Айта кетелік
Мұндай технология бұған дейін сынақтан да өткен. Соның ішінде Астана – Теміртау тасжолында тексерілген. Алғашқы кешен Ошақанды ауылы маңында қойылып, оң нәтиже көрсеткені айтылады.
Компания мәліметінше, лазерлі бағдар енгізу республикалық жол инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі саналады. Яғни мақсат тек жол салу емес, көлік қозғалысын анағұрлым қауіпсіз әрі заманауи деңгейге көтеру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







