Премьер-министр Олжас Бектенов жуырда елдегі базарларда жұмыс істейтін ұйымдасқан делдал топтардың мәселесін реттеуді тапсырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалым Байтуктің айтуынша, бұл тақырып Қазақстан үшін тосын дүние емес. Делдалдармен күрес туралы әңгіме жыл сайын көтеріледі. Бірақ көп жағдайда соңы баяғы сценариймен аяқталады. Тексеріс жүріп, рейд өтеді, ал қысым ең әлсіз буынға, яғни ұсақ саудагерлерге түседі.
Оның ойынша, мәселенің түбі сөреде тұрған сатушыда емес, тауар соған жеткенге дейінгі тізбекте жатыр. Мысал ретінде картопты алуға болады.
Фермер өнімін шартты түрде 100 теңгеден өткізеді. Ал сол тауар базарға жеткенше бағасы 250-300 теңгеге дейін өсіп кетеді. Байтуктің пайымынша, мұнда негізгі сұрақ бағаның өскенінде емес, арадағы айырманы кім және қай кезеңде қосып отырғанында.
– Егер билік бұл іске шын мәнінде кіріссе, онда әрекет те формалды емес, нақты болуы керек. Ең алдымен тауар бағасын бүкіл тізбек бойынша ашып көрсету қажет. Егістіктен бастап сауда сөресіне дейін кім тұр, қанша үстеме қосып отыр. Соның бәрі анық көрінуі тиіс. Сонда ғана нақты қай жерде баға негізсіз қымбаттап жатқанын түсінуге болады, – дейді қоғам белсендісі.
Оның ойынша, келесі қадам тауар қозғалысын цифрлық бақылауға көшіру болуы керек. Яғни, нарықта соңғы бағаны ғана емес, өнімнің қалай жүргенін де көру қажет. Сондай-ақ, ешқандай қосымша құн қоспай, тек баға үстейтін артық буындар шектелуі керек. Егер делдалдың рөлі тек үстеме қоюмен ғана шектелсе, онда мұндай тетікке бөлек сұрақ туындауы заңды.
Ғалым Байтук осы жұмыс ұсақ-түйек деңгейінде емес, жылдар бойы базар жүйесінде орнығып алған топтарға бағытталуы керек деп есептейді.
Оның сөзінше, мәселе де осында. Басты сауал делдалдарды тәртіпке шақыруда емес, тұтас жүйені өзгертуге саяси ерік жете ме дегенге тіреліп тұр. Өйткені тәртіп орнату мен жүйені өзгерту екі бөлек дүние.
Қазақстанда инфляция деңгейі әлі де жоғары күйінде сақталады. Бұған коммуналдық тарифтердің өсуі, жанармай бағасының қымбаттауы және теңгенің әлсіреуі әсер етуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







