Қазақстанда су тұтынуды есепке алудың жаңа тәртібі күшіне енді. 27 наурыздан бастап елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау аясында су есептегіштерін цифрландыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Енді есептеу құрылғылары көрсеткіштерді өздігінен жіберіп отыратын «ақылды» форматқа көшеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Реформаның негізгі мақсаты елдегі су ресурстарын толықтай цифрлық бақылауға алып, көрсеткіштерді бірыңғай Smart Turmys платформасында жинақтау. Krisha-ның дерегінше аталған жүйе қазір әзірлену үстінде және болашақта барлық коммуналдық қызметтерді судан бөлек, жылу мен электр энергиясын да қамтиды.
Жаңашылдыққа сәйкес, үйге кірер ауыздағы жалпы есептегіштер де, жеке пәтерлердегі құрылғылар да біртіндеп жаңартылады. «Ақылды» су есептегіштерінің басты ерекшелігі көрсеткіштерді қашықтан жіберіп қана қоймай, суды қашықтан қосып-өшіретін арнайы клапанмен жабдықталатынында. Мамандардың айтуынша, мұндай клапан суды автоматты түрде тоқтатуға техникалық мүмкіндік берсе де, бұл қызметті қолдану тек қатаң заң талаптарына сай жүзеге асады.
«Казцентр ТКШ» АҚ өкілдері қашықтан су тоқтату тек заңда белгіленген жағдайларда, мысалы төлем қарызы жиналған кезде ғана мүмкін болатынын атап өтті. Яғни, суды өшірудің нақты себептері мен тәртібі Cу кодексі және коммуналдық қызметтерді ұсыну ережелерімен реттеледі.
Сарапшылар не дейді?
Мамандардың айтуынша, су есептегіштерін дереу ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Ескі есептегіштер қызмет ету мерзімі аяқталғанша қолданыла береді. Құрылғыны ауыстыру тек үш жағдайда міндетті: есептегішті алғаш орнатқанда, құрылғы бұзылғанда немесе қызмет ету мерзімі біткен кезде (орта есеппен 10-12 жыл).
Егер құрылғы тексерістен өтсе, оны пайдалануды жалғастыра беруге болады. Ал есептегіш істен шықса, үй иесіне 30 күн ішінде жаңасын орнату міндеттеледі. Бұл уақыт ішінде төлем соңғы үш айдағы орташа көрсеткіш негізінде есептеледі. Егер бір ай ішінде есептегіш жаңартылмаса, тариф жеке есептегішсіз жалпы норма бойынша есептеліп, тұтынушы үшін қымбатқа түсуі мүмкін.
Жаңа жүйенің тағы бір артықшылығы көрсеткіштерді өздігінен жеткізіп отыру. Енді тұрғындардың ай сайын есептегіштен дерек алып, оны жіберіп отыруы қажет емес. Барлық ақпарат автоматты түрде коммуналдық қызмет жеткізушілеріне жіберіліп тұрады. Дегенмен, деректерде сәйкессіздік болса, тұтынушының өз есептегішіндегі көрсеткіштер басты назарға алынып, төлем қайта есептеледі.
Бағасы ақылға қонымды ма?
Бағасына келсек, «ақылды» құрылғылардың құны қарапайым есептегіштерден екі есеге жуық жоғары:
- қарапайым есептегіш – 8 000 теңгеден басталады;
- автоматты цифрлық есептегіш – 15 000 теңгеден жоғары.
Жаңадан салынатын үйлерде мұндай заманауи есептегіштерді орнату міндетті талап ретінде енгізілген. Осылайша, 2029 жылға дейін Қазақстанның тұрғын үй қоры толықтай цифрлы су тұтыну есебіне көшеді.
Бұған дейін сәуірден кейінгі коммуналдық қызметтің бағасына шолу жасағанбыз. Тұрғындарды тосын сый күтіп тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







