Астанада RES-2026 Өңірлік экологиялық саммиті аясында ҚР Энергетика министрлігі мен Азия даму банкі ұйымдастырған «Орталық Азияның тұрақты энергетикалық болашағын қамтамасыз ету: таза энергия және инновациялар» атты негізгі сессия өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Орталық Азия елдерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен энергетика саласының сарапшылары қатысты.
Сессияны ашқан министр Ерлан Ақкенженов Орталық Азияның таза энергетика саласындағы әлеуетіне тоқталып, өңірдің энергетикалық көшу бойынша маңызды аймақтық орталыққа айнала алатынын жеткізді. Ол энергетикалық қауіпсіздік, тұрақты экономикалық даму және қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Шараның бірінші бөлімінде қатысушылар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, заманауи энергия сақтау технологияларын енгізу мәселерін сөз етті. Соынмен қатар өңірлік энергетикалық интеграцияны нығайту және инвестиция тарту мәселелерін талқылады. Әсіресе, инвестициялық тәуекелдерді азайту және қаржыландырудың тиімді механизмдерін енгізу мәселесіне басымдық берілді.
Екінші бөлім әділ энергетикалық ауысу мәселелеріне арналды. Мұнда адами капиталды дамыту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және жергілікті қауымдастықтардың қатысуын арттыру мәселелері көтерілді. Сарапшылар Қазақстанның климаттық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, энергетика секторын түрлендіру үшін кешенді шешімдер қажет екеніне ерекше мән берді.
Сессия соңында өңірлік ынтымақтастықты кеңейту, саясатты үйлестіру және тәжірибе алмасудың энергетикалық көшуді жеделдетуде шешуші факторлар екені айтылды. Қазақстан осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, тұрақты энергетика саласында инновацияларды енгізуге және халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтуға дайын екенін тағы да растады.
Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін дамыту және елдің тұрақты энергиямен қамтамасыз етілуіне инвестиция тарту бойынша жұмыстарын жалғастыратын болады.
Әлемдік энергетика нарығындағы бағаның жаңа сценарийлері ТМД-ның төрт елі (CIS-4: Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Армения) үшін экономикалық болжамды қайта қарауға себеп болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







