Әлемдік энергетика нарығындағы бағаның жаңа сценарийлері ТМД-ның төрт елі (CIS-4: Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Армения) үшін экономикалық болжамды қайта қарауға себеп болды деп жазады Ertenmedia.kz.
ING бағалауы бойынша, Brent маркалы мұнай 2026 жылы барреліне $89, ал жағымсыз сценарий бойынша $121-ге дейін көтерілуі мүмкін. Мұның салдары қандай болмақ?
Бакудың асығы алшысынан түседі
Жаңа сценарийлер мұнай бағасына тікелей тәуелді Әзербайжан экономикасына айтарлықтай артықшылық әкелмек. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы Әзербайжанның бюджет профициті ЖІӨ-нің 4-4,5%-ына жетеді. Бұл мұнай бағасының жоғарылауынан ел бюджетіне түсетін түсімнің молаюынан болатын оң нәтиже.
Қазақстанның жағдайы қандай?
Астана үшін жағдай екіұшты. Мұнай бағасы өссе де, Ұлттық қордың инвестициялық табысы мен дивидендтер арқылы сыртқа кететін қаржы көлемі өседі. Дегенмен, Қазақстанның ағымдағы шот тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-нің 2-2,5%-ына дейін азайып, бюджет тепе-теңдігіне жақын деңгейде қалады деген болжам бар. Теңгенің тұрақтылығы да шарықтаған мұнай бағасымен тікелей байланысты, бірақ теңгенің нығаюы сыртқы экономикалық жағдайларға да тәуелді.
Ташкент алтыннан қорған табады
Өзбекстан ерекше жағдайда. Ел экономикасы алтын экспортына тәуелді. Сарапшылардың бағалауынша, алтын бағасы төмендесе де ($2200/унцияға дейін), Өзбекстан экспорт көлемін ұлғайту арқылы жылдық табысын $10 млрд деңгейінде ұстап тұра алады.
Мысалы, 2025 жылы ел 85 тонна алтын экспорттаса, қажетті жағдайда жылына 120 тоннаға дейін алтын сату мүмкіндігі бар.
Арменияға қысым артады
Армения үшін жағдай қиындай түспек. Мұнай мен азық-түлік бағасының өсуі елдің ағымдағы шот тапшылығын ЖІӨ-нің 9%-ына жеткізеді. Алайда әзірге ел нарығында тұрақсыздық байқалмаған: драм бағамы тұрақты, шетелден келетін аударымдар ел экономикасын ұстап тұр.
Инфляция ортақ қауіп
Энергия мен азық-түлік бағасының өсуі CIS-4 елдерінің барлығына инфляциялық қысым тудырады. Әсіресе, Арменияда азық-түлік бағасының 10%-ға өсуі инфляцияны 2 пайызға дейін көтеруі мүмкін. Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанда инфляция көрсеткіші 0,8-1,5 пайыздық тармаққа өсу қаупі бар. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай орталық банктерден ақша-несие саясатын қатаң ұстауды талап етеді. Қазақстан мен Өзбекстан Ұлттық банктері соңғы отырыстарда саясатын қатаңдата бастады, бұл алдағы уақытта базалық мөлшерлеменің төмендеуі мүмкіндігін азайтады.
Ұзақ мерзімді инвестиция үшін не маңызды?
ТМД елдері үшін ұзақ мерзімді инвестицияға тартымдылық елдегі институционалды құрылымның сапасына тікелей байланысты. Сарапшылар пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан инвестиция үшін бюджеттік тәртіпті сақтау және инфляцияны бақылауды күшейтуі тиіс. Әзербайжанға капитал нарығын ашу, ал Арменияға сыртқы саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды.
Қорытындылай келгенде, қазіргі жағдайда CIS-4 елдерінің активтері дамыған елдердің қаржы құралдарына тікелей балама бола алмайды. Дегенмен, аймақтағы кейбір елдердің мемлекеттік және квазимемлекеттік эмитенттерінің қағаздары жоғары кіріс іздеген инвесторлар үшін тартымды болуы мүмкін. Мұны соңғы кезде Өзбекстан мысалынан анық көреміз.
Ал Ресейдегі жағдай мүшкіл. Бұған дейін әйгілі академияк «Путинді ешкім тыңдамайды» деп дабыл қаққанын егжей-тегжейлі жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







