ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі БҰҰ алаңында төтенше жағдайдың алдын алуға арналған цифрлық шешімдерін таныстырған болатын. Өз кезегінде министр Шыңғыс Әрінов жасанды интеллект, нақты уақыттағы мониторинг және апат қаупін болжау жүйесі ел қауіпсіздігі үшін маңызды бағытқа айналғанын айтқан еді. Осы шараға қатаысқан Ertenmedia.kz Шыңғыс Әріновтен аз-кем сұхбаттасқан еді. Енді сол сұхбатта назараларыңызға ұсынамыз.
– Шыңғыс Сайранұлы, Қазақстан БҰҰ өкіліне төтенше жағдайдың алдын алуға арналған қандай шешімдерді ұсынды?
– БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі басқарма басшысы Камал Кишормен кездесуде министрліктің стратегиялық жоспарлау және жедел басқару мәселесін кеңінен сөз етті.
БҰҰ делегациясына төтенше жағдайды талдау, алдын ала болжау және жедел бақылауға арналған цифрлық жүйе таныстырдық. Аталған бағытта жасанды интеллектке сүйенетін шешімдер, нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізетін құралдар және қауіп-қатерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін технология қолданылады.
Төтенше жағдай саласында оқиға болғаннан кейін әрекет ету емес, ықтимал қатерді ертерек байқаудың да маңызы зор. Қазір табиғи апаттың сипаты өзгеріп келеді. Су тасқыны, өрт, жер сілкінісі, сел, дауыл секілді қауіп бір ғана өңірдің мәселесі емес.
Сондықтан министрлік үшін дерекке сүйенген талдау, жедел шешім қабылдау және жауапты қызметтердің үйлесімді жұмысы аса маңызды. Цифрлық жүйе сол процесті жүйелеп, тиімді шешім қабылдауға ықпал етеді.
– БҰҰ өкілі Қазақстанның қазіргі дайындық деңгейіне қандай баға берді?
– Камал Кишор Қазақстан табиғи қауіп-қатері әртүрлі ел екенін атап өтті. Оның айтуынша, біздің министрліктің кешенді тәсілі ерекше әсер қалдырған. Ол Жедел басқару орталығының әлеуетін жоғары бағалап, Қазақстанның өңірлік деңгеймен шектелмей, әлемдік деңгейде де алдыңғы қатардағы тәжірибеге жақындағанын айтты. Әсіресе нақты уақыт режиміндегі мониторинг жұмысы Брюссельдегі Басқару орталығын еске салатынын жеткізді.
– Жасанды интеллект төтенше жағдай саласында нақты қалай көмектеседі?
– Жасанды интеллект ең алдымен үлкен дерек ағынын өңдеуге мүмкіндік береді. Соынмен қатар ауа райы, гидрологиялық жағдай, сейсмикалық белсенділік, орман алқабының жай-күйі, елді мекен инфрақұрылымы секілді мәліметтерді терең талдап, толық картинаны көз көз алдымызға шығарып береді.
Ал цифрлық платформа сол ақпаратты бір жүйеге жинап, қауіпті аймақты алдын ала белгілеуге көмектеседі. Мұндай технология маманның орнын алмастырмайды, керісінше шешім қабылдау сапасын арттыратын интеллектуалды құралға айналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Төтенше жағдайлар министрлігі үшін аталған бастама нақты жұмыс бағытына айналды. Біз цифрлық технологияны тек техникалық жаңалық ретінде қарастырып отырған жоқпыз. Ол азамат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, алдын алу мәдениетін күшейтетін және мемлекеттік басқарудың жеделдігін арттыратын маңызды тетік.
– Қазақстан БҰҰ-ның бейінді құрылымдарымен ынтымақтастық аясында қандай нәтижеге қол жеткізді?
– Соңғы жылдары БҰҰ-ның бейінді құрылымдарымен бірлескен жұмыс жүйелі сипат алып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Төтенше жағдайға төзімділікті арттыру, апат қаупін азайту, халықаралық тәжірибе алмасу бағытында нақты нәтиже бар.
Соның бірі Астанаға халықаралық тұрақтылық орталығы мәртебесінің берілуі. Мұндай мәртебе әлем бойынша небәрі 42 қалаға ғана берілген. Астана Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып осы қатарға қосылды.
– Шыңғыс мырза, Астана үшін халықаралық тұрақтылық орталығы мәртебесі нені білдіреді? Тарқатып айтып берсеңіз, оқырмандарымызға түсінікті болсын.
– Мұндай мәртебе қаланың төтенше жағдайға дайындық деңгейін, инфрақұрылымдық орнықтылығын және басқару жүйесінің сапасын көрсетеді. Астана үшін ол халықаралық жауапкершілік пен жаңа мүмкіндік.
Елорда тек әкімшілік орталық ретінде ғана емес, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда үлгі болуға тиіс. Қаладағы жоспарлау, инженерлік инфрақұрылым, халықты хабардар ету, дағдарыс кезінде әрекет ету алгоритмі осы мәртебеге сай дамуы керек.
– Ал Алматыдағы өңірлік орталықтың рөлі қандай?
– Алматы қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі өңірлік орталық Орталық Азия үшін маңызды алаңға айналып келеді.
Оның дамуына БҰҰ тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Орталық аймақ елдерінің мамандары үшін тәжірибе алмасу, оқыту, бірлескен дайындық жүргізу мүмкіндігін береді. Қазіргі таңда онда ұшқышсыз авиация бойынша онлайн мектеп жұмыс істейді. Мұндай жоба төтенше жағдай кезінде дрон технологиясын тиімді қолдануға жол ашады.
– Сөзіңіз аузыңызда, ұшқышсыз авиация төтенше жағдай кезінде қаншалықты маңызды?
– Дрон технологиясы құтқару қызметінің мүмкіндігін кеңейтеді. Кейбір аумаққа адам бірден жете алмайды. Су басқан аймақ, таулы жер, өрт ошағы, қираған нысан немесе байланыс үзілген елді мекенде ұшқышсыз аппарат ең алдымен жағдайды көруге мүмкіндік береді.
Ол барлау жүргізеді, қауіптің ауқымын анықтайды, құтқарушыларға нақты бағыт береді. Сондықтан ұшқышсыз авиацияны меңгеру тек техникалық дағды емес, заманауи құтқару мәдениетінің бір бөлігі.
Еліміздің географиясы өте күрделі. Бізде дала да, тау да, орман да, ірі өзен де, сейсмикалық белсенді аймақ та бар. Осындай жағдайда төтенше жағдайға қарсы жүйе бір ғана сценариймен жұмыс істей алмайды.
Әр өңірдің табиғи сипаты, инфрақұрылымы, халық тығыздығы бөлек. Сондықтан біз кешенді тәсілге басымдық береміз. БҰҰ өкілдерінің қызығушылығы да осы тәжірибемен байланысты деп ойлаймын.
– Алдағы кезеңде министрлік қандай бағытқа басымдық береді?
– Алдағы кезеңдегі басты міндет алдын алу жүйесін одан әрі күшейту. Төтенше жағдай болғаннан кейін ғана әрекет ету жеткіліксіз. Қауіпті ерте анықтау, халықты дер кезінде хабардар ету, өңірдегі қызметтерді бір орталықтан үйлестіру, цифрлық платформаның әлеуетін арттыру қажет.
Жасанды интеллект, нақты уақыттағы мониторинг, халықаралық тәжірибе және кәсіби дайындық осы бағыттағы негізгі тірек болады. Біздің мақсатымыз – азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау, ал ол үшін технология да, тәртіп те, жауапкершілік те қатар жүруі керек.
Сұхабаттасқан Асхат Райқұлов
Қазақстанда уран барлаумен айналысқан санаулы батыс компанияларының бірі канадалық Laramide Resources күтпеген жерден елден кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







