Қазақстанда музыкалық аспаптарды ұшақта қолжүк ретінде алып жүру тәртібі нормативтік деңгейде бекітілмек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көлік министрлігі әуе рейстерінде музыкалық аспап тасымалдауға қатысты жаңа ереже әзірленіп жатқанын хабарлады. Жоспарланған өзгеріске сәйкес, жолаушылар музыкалық аспапты арнайы қаптамасымен бірге ұшақ салонына қолжүк ретінде алып кіре алады. Аталған норма домбыра мен қобызға да қатысты.
Министрлік мәліметінше, аспаптың көлемі 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауға тиіс. Осы талап сақталса, музыкалық аспап қолжүк ретінде қабылданады. Яғни жолаушы өзімен бірге тек аспап алып жүрсе, мысалы домбырасын ғана тасымалдаса, қосымша ақы төлемейді.
Ал музыкалық аспап қолжүктің белгіленген нормасынан бөлек қосымша зат ретінде алынған жағдайда, жолаушы авиакомпания тарифіне сай ақы төлейді. Мұндай тәртіп әуе тасымалы кезіндегі салмақ пен орын лимитін реттеу үшін енгізілмек.
Жаңа өзгеріс ұлттық аспап ұстаған жолаушы үшін маңызды. Бұған дейін домбыра немесе қобыз сияқты нәзік әрі көлемді аспапты ұшаққа алып кіру кезінде түрлі түсінбеушілік туындайтын. Бір әуе компаниясы рұқсат берсе, екіншісі бөлек талап қоюы мүмкін еді. Енді аталған мәселе нақты ережемен реттеледі.
Поправкаларды 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін бекіту жоспарланып отыр. Көлік министрлігі өзгеріс жолаушы құқығын қорғауға және музыкалық аспап тасымалдау тәртібін жеңілдетуге бағытталғанын мәлімдеді.
Мұндай шешім мәдениет пен күнделікті инфрақұрылым арасындағы байланысты да көрсетеді. Домбыра мен қобыз сахнада ғана емес, жолда да, сапарда да қорғалуы тиіс құндылық саналады. Ереже қабылданса, өнер адамдары, студенттер, шығармашылық ұжымдар және ұлттық аспаппен жиі сапарлайтын жолаушылар үшін әуе қатынасы әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
Өскеменде ұлттық өнердің қуатын көрсеткен ерекше оқиға өтті. Қаланың орталық алаңында 5 мыңнан астам домбырашы бір мезетте «Ақбұлақ» әнін орындап, көрермендерді ерекше рухқа бөледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







