Қазақстанда мамыр айының алғашқы күніне доллардың ресми бағамы 462,91 теңге болып белгіленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк жариялаған дерекке қарағанда, 1 мамырға арналған ресми бағам бойынша 1 еуро 542,16 теңге, 1 ресей рублі 6,16 теңге, 1 қытай юані 67,82 теңге болды.
Валюта нарығындағы негізгі белгі 30 сәуірдегі KASE саудасынан кейін байқалды. Қазақстан қор биржасының мәліметінше, USDKZT_TOD бойынша орташа өлшенген бағам 462 теңге деңгейінде қалыптасты. Кешкі сауда қорытындысында доллар 463,09 теңгеге дейін көтеріліп, алдыңғы көрсеткіштен 1,32 теңгеге қымбаттаған.
Мамыр мерекесі алдынағы қозғалыс теңгенің соңғы аптадағы нығаюынан кейін нарықта шағын түзету басталғанын аңғартады. Бұған дейін ұлттық валюта бірнеше күн қатарынан долларды төмен ығыстырып, нарықта «теңге күшейді» деген пікір күшейген-тін. Алайда ай соңындағы саудада доллар қайта күш алып, инвестор мен айырбас пункттері мерекелік үзіліс алдындағы тәуекелді бағамға енгізе бастады.
Еуро да теңгеге шаққанда қымбаттады. Ұлттық банк 1 мамырға еуроны 542,16 теңге деп белгіледі. Рубль бағамы 6,16 теңге деңгейінде қалды. KASE дерегінде рубль мен юань бойынша да өсім бар.
Шын мәнінде, теңге үшін басты факторлар өзгерген жоқ. Мұнай бағасы, доллардың әлемдік нарықтағы бағыты, Қазақстандағы валюта ұсынысы және импортқа сұраныс.
Мамыр айындағы ұзақ демалыс кезінде айырбастау орындарындағы баға ресми бағамнан сәл алшақ жүруі мүмкін. Сондықтан нарықтағы шынайы бағыт келесі толыққанды сауда күндері анық көрінеді.
Тоқ етерін айтқанда, теңге әзірге күрт әлсіреген жоқ. Бірақ сәуір соңындағы сенімді жүрісінен кейін доллар аздап ес жиып, мамырды жоғары қозғалыспен бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







