Қазақстанда шетелдік нөмірі бар көліктерді уақытша әкелу және пайдалану тәртібі өзгерді. Үкімет шетелде тіркелген автомобильдердің елге кіруі мен қолданылуына қатысты ережеге түзету енгізді. Енді кейбір қазақстандықтар шетелдік нөмірі бар көлікпен Қазақстан аумағында заңды түрде жүре алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Негізгі өзгеріс «халықаралық қозғалыс» ұғымына Қазақстан азаматтары да енгізілді. Бұған дейін бұл тәртіп негізінен шетелдіктерге қатысты қолданылған. Енді шетелде тұрақты тұратын қазақстандықтар да өз атына тіркелген көлікті Қазақстанға уақытша әкеліп, пайдалана алады.
Алайда талап қатаң. Мұндай мүмкіндік тек бірнеше шарт қатар орындалған жағдайда беріледі. Азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұруы керек, көлік оның меншігінде болуы тиіс, автомобиль Қазақстанда тіркелмеген болуы қажет және елге уақытша әкелінуі шарт.
Осы талаптардың бәрі сәйкес келсе, шетелдік нөмірі бар көлікті Қазақстанда заңды негізде пайдалануға болады. Бұл әсіресе шетелде тұратын, бірақ уақытша елге келетін қазақстандықтар үшін маңызды.
Бұрынғы ережедегі тұжырым тарлау болғандықтан, мұндай жағдайлар толық қамтылмайтын. Енді тәртіп нақтыланды. Бірақ бұл барлық жүргізушіге берілген жалпы рұқсат емес. Ішкі нарықта тұратын қазақстандықтар үшін негізгі тәртіп өзгермейді.
Яғни Қазақстанда тұрақты тұратын азамат шетелден көлік әкеліп, оны ұзақ уақыт бойы тіркеусіз пайдалана алмайды. Жаңа норма тек шетелде тұрақты тұратын және көлігін уақытша әкелетін азаматтарға арналған.
Бұл өзгеріс көлік айналымын заңдастыруға, шекарадан уақытша кіретін автомобильдердің мәртебесін нақтылауға және құқықтық түсінбеушілікті азайтуға бағытталған.
Айтқандай, Қазақстанда бөліп төлеу және BNPL сервистеріне қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







