Жамбыл облысында терроризмге қарсы жұмысты күшейту мәселесі өңірлік қауіпсіздіктің күнделікті әрі нақты бағытына айналып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жамбыл облысы бойынша Терроризмге қарсы комиссия отырыстары облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өтіп келеді. Әрбір отырыста ақпараттық кеңістіктегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы насихаттың жай-күйі, оны жетілдіру жолдары және түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен теологиялық оңалту жұмыстары қаралады.
Қазіргі терроризмге қарсы саясаттың басты ерекшелігі қауіптің өзін күтпей, оның пайда болу алғышарттарын ерте анықтау. Жамбыл облысы үшін мұндай тәсіл әсіресе маңызды. Өңірде ірі көлік дәліздері, шекараға жақын елді мекендер, білім беру ұйымдары, өндіріс орындары мен халық көп жиналатын нысандар бар.
Қазақстанда террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалуына қойылатын талаптар Үкіметтің 2021 жылғы №305 қаулысымен бекітілген. Аталған талаптар мұндай объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Демек, әр нысанның қауіпсіздігі қамтамасыз еті, құқықтық және ұйымдастырушылық міндет болып саналады. Осы талаптардың орындалуы Жамбыл облысында да тұрақты тексеріліп, комиссия деңгейінде қаралуы тиіс.
Терроризмге қарсы күрестің тағы бір маңызды бағыты оқу-жаттығу. 2025 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында «Сарыкемер-Антитеррор» оқу-жаттығуы өткізілген. Терроризмге қарсы орталықтың мәліметінше, оның мақсаты құқық қорғау және арнайы органдардың террористік сипаттағы түрлі қауіп-қатерге қарсы тұру деңгейін тексеру болған.
Осындай жаттығулар өңірдің нақты дайындық деңгейін көрсетеді. Себебі қауіпсіздік жүйесінің әлсіз тұсы кабинеттегі баяндамада емес, дәл осындай практикалық жағдайда анық көрінеді.
Терроризмнің алдын алу неге маңызды?
Жамбыл облысында терроризмнің алдын алу жұмысы үш қабаттан тұруы керек. Біріншісі, нысандардың техникалық қорғалуын күшейту. Екіншісі, халықпен, әсіресе жастармен профилактикалық жұмыс жүргізу. Үшіншісі, ведомствоаралық байланыс пен ақпарат алмасуды жылдамдату. Осы үш бағыттың бірі әлсіресе, жалпы жүйе де әлсірейді.
Мысалы, мектепте дабыл жүйесі бар, бірақ қызметкерлер эвакуация тәртібін білмесе, техника пайдасыз. Немесе жастармен жұмыс бар, бірақ интернеттегі радикалды контентке қарсы түсіндіру әлсіз болса, алдын алу толық жүрмейді.
Жастар мәселесі бөлек назар сұрайды. Қазіргі радикалдану бұрынғыдай ашық жиналыс немесе жабық орта арқылы ғана жүрмейді. Әлеуметтік желі, мессенджер, қысқа видео, аноним арна арқылы да ықпал ету мүмкіндігі күшейді.
Сондықтан білім беру ұйымдарындағы жұмыс формалды лекциямен бітпеуі керек. Оқушы мен студентке діни сауат, құқықтық мәдениет, жалған ақпаратты тану, қауіпті үндеулерден сақтану және күдікті жағдайды хабарлау мәдениеті түсінікті тілмен жеткізілуі қажет.
Тағы бір маңызды мәселе, жергілікті атқарушы органдардың рөлі. Әкімдік тек инфрақұрылым немесе әлеуметтік салаға жауапты құрылым емес. Қоғамдық қауіпсіздіктің жергілікті деңгейдегі негізгі ұйымдастырушысы болып табылады. Әр ауылдық округ, әр аудан орталығы, әр қала ықшам ауданы бойынша қауіптің алдын алу жұмысы жүйелі жүруі керек. Күдікті нысандар, бос қалған ғимараттар, қараусыз аумақтар, жарықтандырылмаған көшелер, бақылаусыз қоғамдық орындар – мұның бәрі қауіпсіздік мәдениетіне тікелей әсер етеді.
Комиссия жұмысының сапасы нақты тапсырмалардың орындалуымен өлшенеді. Мысалы, нысандардың терроризмге қарсы қорғалу деңгейі қайта қаралса, оның нәтижесі тек акт толтырумен шектелмеуі тиіс. Қай ғимаратта камера жоқ, қай жерде дабыл жүйесі ескі, қай мекемеде күзетші оқытылмаған, қай жерде эвакуация жолы талапқа сай емес, осындай нақты тізім жасалып, мерзімімен орындалуы қажет. Қауіпсіздік саласында «кейін» деген ұғым тәуекелді арттырады.
Қоғамның қатысуы да шешуші рөл атқарады. Терроризмнің алдын алу тек күштік құрылымдардың жұмысы деген түсінік ескірді. Тұрғын күдікті затты, күмәнді әрекетті, қауіпті үндеуді немесе заңсыз үгітті байқаса, дер кезінде хабарлауы керек.
Бірақ мұнда да тепе-теңдік қажет. Азаматтық жауапкершілік дүрлігуге, жалған ақпарат таратуға немесе адамдарды негізсіз айыптауға айналмауы тиіс. Нақты дерек, заңды арна, сабырлы әрекет – қоғамның қауіпсіздікке қосатын ең үлкен үлесі.
Терроризмге қарсы күрестің түпкі мақсаты тұрақты әрі қауіпсіз орта құру. Жамбыл облысы үшін негізгі міндет те осы. Комиссия отырыстары, оқу-жаттығулар, нысандарды тексеру, жастармен жұмыс, ақпараттық түсіндіру және ведомствоаралық үйлестіру бір-бірінен бөлек жүрмей, бір жүйеге түскенде ғана нәтиже береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







