Бүгінде ғарыштық бақылаудың агросектордағы маңызы артып келеді. Бұрын жердің пайдаланылып жатқанын анықтау үшін міндетті түрде тексеру тобы баруы керек еді. Енді спутниктік деректер арқылы алқаптың жағдайын, егіс құрылымын, пайдаланылмай жатқан жер мен кейбір агротехникалық өзгерісті көруге болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жер ресурстарын басқаруға арналған ақпараттық жүйенің әзірленуі де бөлек назар аударатын бағыт. Жүйе кадастрлық мәліметті, инфрақұрылым туралы деректі және топырақ сапасына қатысты ақпаратты бір арнаға біріктіруге тиіс. Барлық ауыл шаруашылығы жерін цифрландыру жұмысы аяқталуға жақын.
Егер осы мәлімет толық әрі сапалы жинақталса, мемлекет қай жердің тиімді пайдаланылып жатқанын, қай алқапқа су жетпейтінін, қай өңірде топырақ құнары төмендеп бара жатқанын нақты көре алады.
Жер ауыл шаруашылығының басты капиталы. Бірақ жер туралы дерек шашыраңқы болса, оны тиімді басқару мүмкін емес. Бір жерде су инфрақұрылымы бар, бірақ егін егілмейді. Екінші жерде топырақ құнары жақсы, бірақ логистика әлсіз. Үшінші өңірде жайылым тозып барады, бірақ нақты мониторинг жоқ. Цифрлық жүйе осы көрінбей жатқан түйіндерді ашуға көмектеседі.
Ауыл шаруашылығын жаңғырту тек ақпараттық жүйемен шектелмейді. Министрлік дәлме-дәл егіншілік, өндірісті автоматтандыру, роботтандыру және дрон қолдану сияқты технологияларды енгізуді қолдап отыр. Инвестициялық субсидиялау аясында цифрлық ауыл шаруашылығы техникасы мен дрон сатып алуға жұмсалған шығынның бір бөлігі өтеледі. Мұндай қолдау шаруалар үшін маңызды. Себебі жаңа техника қымбат, ал шағын және орта шаруашылықтың бәрі бірдей оны өз күшімен ала алмайды.
Дәлме-дәл егіншілік дегеніміз жерге, суға, тыңайтқышқа және жанармайға үнеммен қарау. Техника мен датчиктер алқаптың нақты қажеттілігін көрсетеді. Қай жерге көбірек су керек, қай жерге тыңайтқыш аз қажет, қай алқапта өнім төмен болуы мүмкін – бәрі дерек арқылы анықталады. Нәтижесінде шығын азайып, өнімділік артады. Қазақстан сияқты ауа райы қатал, су тапшылығы өзекті ел үшін бұл бағыттың маңызы жоғары.
Дрондар да аграрлық салаға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Олар егістікті бақылауға, зиянкесті анықтауға, мал іздеуге, жайылым жағдайын көруге және кейбір агротехникалық жұмысты жедел жүргізуге көмектеседі. Бұрын бірнеше күн алатын бақылау жұмысын дрон қысқа уақытта атқара алады. Бірақ техника тиімді болуы үшін оны қолданатын маман, деректі түсінетін агроном және шешім қабылдайтын басқару мәдениеті қажет.
Халықаралық ынтымақтастық та цифрлық жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналып отыр. Қазақстан көрші мемлекеттермен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Әсіресе электрондық ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттармен алмасу ерекше маңызға ие. Саудада шекарадан өтетін өнімнің сапасы, қауіпсіздігі және шығу тегі нақты дәлелденуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







