2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың наурызына дейін астық пен ұн экспорты астық баламасында 8, 9 млн тоннаға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде аталған көрсеткіш 7, 9 млн тонна болған еді. Яғни, бір маусым ішінде экспорт көлемі 1 млн тоннаға артты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан үшін астық экспорты ауыл шаруашылығынан бөлек көлік-логистика жүйесінің де нақты көрсеткіші саналатынын атап өткеніміз жөн. Өнімді өсіру бір бөлек, оны уақытында вагонға тиеп, шекарадан өткізіп, сатып алушы елге жеткізіп беру де үлкен жұмыс. Әсіресе Орталық Азия бағытындағы нарықтарда тұрақты тасымал, сапалы өнім және келісілген жеткізу мерзімі үлкен рөл атқарады.
Экспорт географиясына қарасақ, өсім негізгі серіктес елдер бойынша байқалады. Өзбекстанға жеткізілген астық пен ұн көлемі 14 пайызға артып, 6, 6 млн тоннадан 7, 5 млн тоннаға жетті.
Бұл ел Қазақстан үшін дәстүрлі әрі ең ірі өткізу нарықтарының бірі. Сарапшылардың пікірінше, Өзбекстандағы халық санының өсуі, қайта өңдеу кәсіпорындарының сұранысы және ішкі тұтыну көлемі қазақстандық астыққа деген қажеттілікті тұрақты ұстап тұр.
Қырғызстан бағыты бойынша да өсім айқын. Экспорт 1, 8 есеге көбейіп, 194 мың тоннадан 354 мың тоннаға жетті. Мамандар мұндай серпінді көрші елдегі ұн тарту, нан-тоқаш өндірісі және мал шаруашылығына қажет жемдік база сұранысымен байланыстырады. Қазақстандық өнімнің бұл нарықтағы артықшылығы географиялық жақындық, жеткізу жолының салыстырмалы түрде қысқалығы және өнім сапасының тұрақтылығы.
Ауғанстанға экспорт көлемі 24 пайызға өсіп, 1, 1 млн тоннадан 1, 3 млн тоннаға жетті. Бұл бағыт Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі Ауғанстан ұн мен астыққа тәуелді нарықтардың бірі саналады.
Логистика күрделі болғанымен, сұраныс жоғары. Сала өкілдері Ауғанстан бағыты бойынша теміржол, транзит және шекаралық рәсімдердің үйлесімді жүруі экспорт көлемін сақтап қана қоймай, оны одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Түрікменстанға жеткізу де өсті. Көрсеткіш 1, 5 есеге артып, 94 мың тоннадан 145 мың тоннаға жетті. Бұл нарық көлемі жағынан Өзбекстан немесе Ауғанстанмен салыстырғанда шағындау көрінгенімен, тұрақты бағыт ретінде маңызды. Әсіресе Каспий маңы және оңтүстік-батыс логистикасын дамыту аясында мұндай өсім болашақтағы тасымал мүмкіндігін кеңейтеді.
Фермерлердің еңбегі нәтиже берді
Аграрлық сала мамандарының айтуынша, астық экспортының артуы фермер үшін де, өңдеуші кәсіпорын үшін де маңызды белгі. Егер сыртқы нарықта сұраныс болса, шаруаның өнімі өтеді, элеваторлар мен ұн тарту кәсіпорындары жұмысын жалғастырады, теміржол тасымалына тапсырыс көбейеді.
Бір тонна астықтың артында егіс алқабындағы еңбек, техника шығыны, жанар-жағармай, қойма, вагон, экспедитор, шекара қызметі секілді тұтас тізбек тұр.
Дегенмен мамандар экспорт өсіміне масаттанып отыруға болмайтынын да ескертеді. Астық нарығы ауа райына, өнім сапасына, бағаға, көрші елдердің ішкі саясатына және тасымал құнына тәуелді. Кей жылы өнім мол болғанымен, логистика іркілсе, шаруа табысы төмендейді.
Керісінше, тасымал жолы ашық болып, вагон жеткілікті бөлінсе, Қазақстан өз өнімін тиімді өткізе алады. Сондықтан экспорттық әлеуетті арттыру үшін теміржол инфрақұрылымы, шекара өткелдері, қойма қуаты және ұн тарту өндірісін қатар дамыту қажет.
Тағы бір маңызды мәселе шикі астықпен қатар дайын өнім экспортын көбейту. Ұн, жарма, жем және басқа да өңделген өнімнің қосылған құны жоғары. Сарапшылар Қазақстан тек астық сатушы ел болып қалмай, өңдеу бағытын күшейтуі керек екенін айтуда. Бұл ауылдық жердегі жұмыс орнын сақтауға, кәсіпорындардың тұрақты жүктемемен жұмыс істеуіне және экспорттан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі көрсеткіштер Қазақстан астығының сыртқы нарықта беделі бар екенін тағы көрсетті. Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Түрікменстан бағытындағы өсім тұрақты сұраныстың сақталғанын аңғартады. Ендігі міндет сол сұранысты сапалы логистикамен, тұрақты жеткізумен және өңделген өнім үлесін арттырумен бекіту.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







