Қазақстанда әскери қызметкерлерге берілетін материалдық көмек пен сыйақы жүйесі өзгертіліп, бірізді және ашық механизм қалыптасты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жаңа тәртіпке сәйкес енді әрбір әскери қызметкер өмірлік жағдайына байланысты қанша қаржы алатынын алдын ала біліп отырады.
Жаңа ереже бойынша, бала туу, некеге отыру, бала асырап алу, емделу немесе мүліктік шығындарды өтеу секілді маңызды жағдайларда әскери қызметкерге 255 мың теңгеге дейін материалдық көмек көрсетіледі.
Ал егер әскери қызметші жақын туысынан немесе жұбайынан айырылса, төленетін материалдық көмек мөлшері 425 мың теңгеге дейін өседі. Осы арқылы мемлекет қиын жағдайға тап болған әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді көздеп отыр.
Сонымен қатар, марапаттау жүйесі де қайта қаралған
Әскери қызметшілерге енді мерейтойлық даталарға орай тұрақты сыйақылар беріліп отырады. Алғашқы сыйақы 40 жасқа толғанда тағайындалып, әрі қарай әр бес жыл сайын жалғасады.
Бұдан бөлек, әскери мамандар маңызды тапсырмаларды орындағаны, жоғары жетістіктері мен үлгілі қызметі үшін, сондай-ақ мемлекеттік және кәсіби мерекелер құрметіне де арнайы сыйақы алады.
Еңбек келісімшарты бұзылғанда төленетін сауықтыру өтемақысының да тәртібі өзгертілген. Егер әскери қызметкер қызметінен теріс себеппен шығарылса, өтемақы толық айға емес, нақты атқарылған жұмыс күндеріне сәйкес есептеледі.
Жаңартылған жүйе әскери қызметкерлердің материалдық көмек алу тәртібін нақтылап, әлеуметтік кепілдіктерді айқын әрі әділ етуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







