Қазақстанда кедендік рәсімдерді автоматтандыруға арналған «KEDEN» ақпараттық жүйесі іске қосылғалы бері 44 мыңнан астам тауар декларациясы өңделді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жүйе 2026 жылғы 11 сәуірден бастап жұмыс істеп тұр. Негізгі мақсат – кедендік рәсімдерді барынша автоматтандыру, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адами факторды азайту және сыртқы саудаға қатысушылар үшін процесті ашық ету.
«KEDEN» жүйесінің алғашқы нәтижелері жаман емес. Тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша күмәнді белгі анықталмаған жағдайда декларация беру орта есеппен 2-3 минутта аяқталады. Яғни құжат дұрыс толтырылып, тәуекел көрсеткіші шықпаса, бизнес ұзақ күтпей, рәсімнен жедел өте алады. Ал жүйе тәуекел анықтаған жағдайда кеден заңнамасына сәйкес қосымша тексеру жүргізіледі.
Жүйе іске қосылғаннан бері 4 980 заң бұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде бюджетке қосымша 2,7 млрд теңге кедендік төлем өндірілді. Бұл көрсеткіш кеден саласындағы цифрландырудың тек жылдамдық үшін ғана емес, көлеңкелі айналымды азайту және бюджет кірісін қорғау үшін де қажет екенін көрсетеді.
Дегенмен жаңа жүйені енгізу кезінде жекелеген техникалық және рәсімдік сұрақтар туындаған. Соның бірі медициналық тауарларды кедендік ресімдеуге қатысты болды. ҚҚС-тан босатылатын 3 мыңнан астам медициналық мақсаттағы бұйым тізбесі бар. Бір медициналық өнімді, яғни плазмадан алынған С1 ингибиторын ресімдеу кезінде оны дұрыс жіктеу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында қосымша консультация қажет болған. Осы себепті тіркеу процесі ұзағырақ жүрген.
Жылдамдық, ашықтық және бақылау қатар күшейді
Комитет бұл жағдайдың оқшау сипатта болғанын және «KEDEN» жүйесінің жұмысына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Нәтижесінде ҚҚС төлеуден босату толық көлемде берілген. Декларант тарапынан Мемлекеттік кірістер комитетіне шағым немесе өтініш түспеген.
Сондай-ақ зауыт құрылысына қажет құрылыс материалдарын кедендік ресімдеу кезінде «Компоненттің реттік нөмірі» жолын толтыруға байланысты мәселе шыққан. Еуразиялық экономикалық комиссияның 2023 жылғы 30 мамырдағы №75 шешіміне сәйкес бұл жолда үш цифрдан аспайтын белгі көрсетілуі керек болған. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы өтініш бергеннен кейін Мемлекеттік кірістер комитеті осы ашық жолдың санын ұлғайту туралы жедел шешім қабылдаған.
Бұл жағдай тек екі сыртқы сауда қатысушысына әсер еткен. Қазір қажетті техникалық жетілдіру аяқталған.
Жеке шотта ақша бола тұра тауар шығарудан заңсыз бас тартылды деген ақпаратқа қатысты да түсініктеме берілді. Комитеттің мәліметінше, жекелеген жағдайларда сыртқы саудаға қатысушылардың дербес шоттарында қаражат болмағандықтан, тауар шығарудан бас тарту кеден заңнамасына сай жасалған. Сондықтан заңсыз бас тарту туралы ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті егер декларация «KEDEN» жүйесінің жұмысына байланысты себептермен қабылданбай, ал салық төлеушінің жеке шотында қаражат болған жағдайда, азамат немесе компания белгіленген тәртіппен есептен шығарылған қаржыны қайтару үшін комитетке жүгіне алатынын ескертті.
Экспорт бағыты бойынша да көрсеткіш бар. Жүйе іске қосылғаннан бері экспорт функциясы арқылы 7 080 декларация шығарылған. Соның 108-і немесе 1,5 пайызы ғана кедендік тексеруден өткен. Барлық тексеру тәуекелдерді басқару жүйесі аясында және кеден заңнамасына сәйкес жүргізілген.
Жалпы, «KEDEN» жүйесі кедендегі қағазбастылықты азайтып, бизнес пен мемлекет арасындағы процесті жылдамдатуға бағытталған. Мұндай цифрлық құралдар дұрыс жұмыс істесе, сыртқы саудаға қатысушылар үшін уақыт үнемделеді, ал мемлекет үшін бақылау күшейеді. Ең маңыздысы – рәсім ашық, заңды және түсінікті болуы керек.
Мемлекеттік кірістер комитеті жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, туындаған мәселелер жедел шешіліп жатқанын хабарлады. Кедендік рәсімдер қолданыстағы заңнамаға сай жүргізіліп, ашықтықты қамтамасыз етуге, заңдылықты сақтауға және мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға бағытталған.
Айтқандай, Жақсылық Омардың орнына жаңа орынбасардың тағайындалмауының сыры мәлім болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







