Алматыда үш адамның өмірін жалмаған Zeekr көлігіне қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталуға жақын. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов істі алдағы екі апта ішінде аяқтау жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әділовтың сөзінше, негізгі сараптаманың бәрі дерлік дайын. Қазір соңғы тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін тараптарға істің аяқталғаны ресми хабарлануы мүмкін.
«Қылмыстық іс бойынша сараптаманың бәрі дерлік алынды. Алдағы екі апта ішінде істің аяқталғанын жариялауды жоспарлап отырмыз. Қажетті тергеу әрекеттері аяқталуға жақын», деді вице-министр Сенат кулуарында.
Оқиға қалай болған еді
Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Олар 29 жастағы жүргізуші және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы қыз.
Тергеу дерегіне қарағанда, Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болған. Ол апаттан аман қалып, ауруханаға жеткізілді. 26 наурызда сот оны қамауға санкция берді. Кейін күдікті тергеу изоляторына ауыстырылды.
Резонанс неге күшейді
Оқиға қоғамда үлкен шу тудырды. Әлемжелі мен БАҚ-та апат алдында заңсыз көше жарысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Сонымен бірге іске ықпалды адамдардың қатысы бар-жоғы туралы күдік те айтылды.
Осыдан кейін қосымша тексеріс басталды. Алматы полициясында қызметтік тергеу жүргізілді. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов бірқатар басшының қызметінен босатылғанын хабарлаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын жан-жақты әрі мұқият тергеуді тапсырған еді.
Күдіктіге қандай айып тағылды
Zeekr жүргізушісіне Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылды. Аталған бап жол жүрісі қағидасын бұзу салдарынан абайсызда екі және одан көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайды қарастырады.
Заң бойынша мұндай айыппен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Апаттан кейін Алматы жолдарындағы қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Құқық қорғау органдары заңсыз көше жарысына қарсы жұмысты жандандырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







