Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу мәреге жақындады. Күдіктіге жүргізілген сот-психиатриялық сараптама оны есі дұрыс деп таныды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, сараптама қорытындысы дайын.
«Нәтиже алынды. Ол заң алдында есі дұрыс адам ретінде жауап береді. Қазір тергеу аяқталуға жақын», деді Әділов. Ішкі істердің дерегінше, қазір іс бойынша негізгі тергеу әрекеттері аяқталуға таяған. Жақын уақытта материал сотқа жолдануы мүмкін.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болған. Тергеу мәліметіне қарағанда, ер адам көшеде бойжеткенге шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін күдікті қала маңынан ұсталды.
Туыстары бұрыннан қауіп болғанын айтқан
Марқұмның жақындары ер адамның Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алғанын мәлімдеген еді. Іс адам өлтіру, сталкинг және некеге мәжбүрлеу деректері бойынша тергеліп жатыр.
Қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін президент Тоқаев Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырған. Кейін қалалық полиция департаментіндегі бірнеше лауазымды қызметкер қызметінен босатылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







