Қазақстан Лондонда өткен Халықаралық үстел теннисі федерациясының жиналысында 2027 жылғы әлем чемпионатын Астанада өткізу тұжырымдамасын таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстандық делегация ITTF AGM алаңында 220-дан астам ұлттық федерация өкілінің алдында елорданың турнирге дайындығын көрсетті. Таныстырылымда спорт инфрақұрылымы, ұйымдастыру шешімдері, логистика және халықаралық деңгейдегі жарысты өткізуге қажет негізгі мүмкіндіктер қамтылды.
Жиын барысында Астананың қазіргі келбеті мен ірі спорттық жарыстарды қабылдау әлеуетін көрсететін арнайы бейнеролик ұсынылды. Залдағы делегаттар қазақстандық таныстырылымды жылы қабылдап, қошемет көрсетті. Бұл әлемдік спорт қауымдастығының Астана чемпионатына қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Іс-шараға ITTF басшылығы, ұлттық федерация делегаттары және әлемдік үстел теннисі өкілдері қатысты. Қазақстан тарапы Астананың 2027 жылғы әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге дайын екенін атап өтті.
Қазақстандық делегация өкілдерінің айтуынша, мұндай халықаралық алаңда ел атынан сөйлеу үлкен мәртебе. Олар Астана өткізетін әлем чемпионаты үстел теннисі тарихында жаңа стандарт қалыптастыруы мүмкін екенін жеткізді.
Шетелдік делегаттарға чемпионаттың брендтелген өнімдері де ұсынылды. Бұл қонақжайлық пен ұлттық болмысты танытатын символдық қадам ретінде қабылданды.
Халықаралық үстел теннисі федерациясы Қазақстанның сенімділік, жүйелі дайындық және жоғары ұйымдастырушылық деңгей көрсетіп отырғанын атап өтті. Федерация өкілдері 2027 жылы Астанада өтетін чемпионатты үлкен қызығушылықпен күтіп отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын 2025 жылы Катар астанасында өткен ITTF-тің көпкезеңді әрі бәсекелі іріктеуі нәтижесінде жеңіп алды.
Байқауға Қазақстаннан бөлек Франция, АҚШ, Бразилия және Қытай қатысты. Финалдық кезеңге Қазақстан мен Франция шығып, дауыс беру қорытындысында еліміз 54, 68 пайыз дауыс жинады. Франция 45, 32 пайыз дауыс алды.
Бұл шешім Орталық Азия спорты үшін тарихи оқиға саналады. Себебі үстел теннисінен әлем чемпионаты алғаш рет Орталық Азияда өтеді. Астанадағы турнир елдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға, Қазақстанның халықаралық имиджін күшейтуге және елорданы ірі әлемдік іс-шаралар өтетін алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







