Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында 21 наурыз күні болған жантүршігерлік жол апаты қала жұртын қатты алаңдатты. Жол апатынан Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан болатын. Осы оқиғадан кейін тұрғындар ePetition.kz порталында арнайы петиция жариялап, биліктен даңғыл бойына қауіпсіздік үшін арнайы барьерлік қоршаулар орнатуды талап етуде деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Петиция авторының сөзінше, Әл-Фараби даңғылы қаланың негізгі қан тамыры. Мұнда сегіз жолақты қозғалыс жолында көлік ағыны өте қарқынды, ал рұқсат етілген жылдамдық 80 км/сағ. Осындай маңызды жолда барьерлік қоршаудың болмауы көліктердің қарама-қарсы жолаққа шығып кетуіне жол ашып, қайғылы оқиғалардың артуына себеп болып отыр.
«Осы петиция арқылы мен Алматы қаласының тұрғыны ретінде баршаға ортақ мәселеге назар аударуды сұраймын. Мұндай қайғылы жағдай кез келген адамның басында болуы мүмкін. Әл-Фараби даңғылындағы қауіпсіздік шараларын күшейтпей, біз мұндай жағдайлардан құтыла алмаймыз», – дейді петиция авторы.
Ұлттық стандарт неге ескерілмеген?
Автордың айтуынша, Қазақстанда жол қауіпсіздігіне қатысты арнайы стандарт (СТ РК 2368-2013) бар. Ол стандарт бойынша, қарқынды көлік ағыны бар жолдарға міндетті түрде металл қоршаулар орнатылуы тиіс. Осы қоршаулар жол шетіне, көпірге, жаяу жүргіншілер өтетін жерлер мен жол ортасындағы бөліктерге қойылуы қажет.
«Өкінішке қарай, Әл-Фараби даңғылындағы аталған учаске жобаланған кезде осы талаптар ескерілмей немесе әдейі еленбей қалған», – деп нақтылады петиция авторы.
Петицияда атап өтілгендей, дәл осы Әл-Фараби даңғылында бұған дейін де ауыр жол-көлік оқиғалары жиі тіркелген. Мысалы, 2025 жылдың 25 қарашасында дәл осы аумақта тағы бір ауыр жол апаты болып, қауіпсіздік мәселесі сол кезден бері шешілмеген.
Министрлер қызметтен кетті, күдікті қамауда отыр
21 наурыздағы жол апаты қоғамда үлкен талқы тудырды. Осыдан кейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеме жасап, оқиғаға байланысты бірнеше басшының қызметінен босатылғанын жариялады. Ал Бас прокуратура істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.
Апатқа кінәлі ретінде күдікті Zeekr автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, қазір тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынған.
Қала тұрғындары нақты шара күтеді
Петицияны қолдаған тұрғындар қауіпсіздік мәселесі сөз күйінде қалмай, нақты іске асырылуын талап етуде. Алматы халқы жол бойында адам өмірін сақтап қалатын арнайы қоршаулар орнатылмаса, мұндай қайғылы жағдайлардың қайталана беретінін айтады.
Қазіргі кезде петицияға қол қою жалғасып жатыр. Халық билік өкілдері бұл мәселені тез арада шешіп, Әл-Фараби даңғылын баршаға қауіпсіз етіп жасайды деп үміттенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







