Таразда өткен халықаралық бокс турнирінде қазақстандық боксшы Бауыржан Әли қарсыласын бірінші раундтың алғашқы минутында-ақ нокаутқа жіберді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған бокс кешіне бірнеше елдің мықты боксшылары қатысты. Қазақстандық былғары қолғап шебері, Қарағандыдағы ҚР ІІМ Бейсен Бейсенов атындағы академиясының курсанты әрі бокстан спорт шебері Бауыржан Әли осы турнирде тәжікстандық Раджабой Ахмедовпен жекпе-жекке шықты.
Төрт раундқа жоспарланған кездесудің тағдыры алғашқы минутта шешілді. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің 57-ші секундына жеткенде қарсыласын ауыр соққыларымен тәлтіректетіп жіберді. Төрешілер кездесуді дереу тоқтатып, техникалық нокаут жариялады.
Бұл жеңіс қазақстандық бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір рет паш етті. Жерлесіміздің осы жарқын жеңісі еліміздің бокс саласындағы абыройын арттырып, жанкүйерлердің мерейін асырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







