Ішкі істер министрлігі табиғи және тарихи нысандарды бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде танымал болу немесе видео түсіру мақсатында жартастарға, ескерткіштерге және табиғи нысандарға жазу жазу жағдайлары көбейген. ІІМ мұндай әрекеттер елдің мәдени және табиғи мұрасына зиян келтіретінін атап өтті.
Министрлік мәліметінше, қорықтар, ұлттық парктер, тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандар мемлекет қорғауында. Сондықтан оларды бүлдіру немесе сыртқы келбетін өзгерту заң бұзушылық болып саналады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм үшін 100-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа тарту, 50 тәулікке дейін қамау, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
ІІМ азаматтарды табиғатқа, тарихи мұраға және қоғамдық кеңістікке құрметпен қарауға шақырды. Ведомствоның айтуынша, «хайп» немесе видео үшін жасалған әрекет жауапсыз қалмайды. Себебі мәдени және табиғи мұраны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті.
Соңғы жылдары әлеуметтік желі үшін түрлі қауіпті немесе оғаш әрекет жасау үрдісі күшейіп келеді. Бірақ тарихи ескерткішке жазу жазу немесе табиғи нысанды бүлдіру интернеттегі уақытша танымалдықтан әлдеқайда ауыр салдарға алып келуі мүмкін.
Табиғат пен тарихты қорғау жай заң талабы ғана емес. Бұл елдің жадына, мәдениетіне және келер ұрпаққа деген жауапкершілік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







