2026 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда арендалық берілетін тұрғын үй субсидиясына қатысты бақылау күшейеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп бойынша әкімдіктер мемлекеттен жалдау ақысына субсидия алып отырған азаматтардың шынымен сол пәтерде тұрып жатқанын мониторинг арқылы тексеруге міндеттеледі. Мемлекет әлеуметтік осал санаттағы қазақстандықтардың жалдау ақысының жартысын төлеуді жалғастырады. Бірақ енді осы көмектің мақсатты пайдаланылуына бақылау артады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Даубек Керімбаевтың айтуынша, жаңа ереже «Отбасы банк» пен әкімдіктер арасындағы өзара жұмысты нақтылайды. Әкімдіктерге мониторинг жүргізу құқығы берілген. Олар субсидия алушы азаматтың жалға алынған пәтерде тұрып жатқанын тексереді.
Ведомство мұндай шара бұрын тіркелген жалған схема мен заңсыз пайдалануды болдырмау үшін қажет екенін түсіндіріп отыр. Яғни кей азамат субсидия рәсімдеп, бірақ өзі ол үйде тұрмай, пәтерді басқа адамға беруі немесе мемлекеттік қолдауды мақсатсыз қолдануы мүмкін. Жаңа талап осы тәуекелді азайтуға бағытталған.
Дегенмен қоғам белсенділері тексеру кезінде адам факторының әсері күшейіп кетуі мүмкін деп алаңдайды. Олардың пікірінше, әлеуметтік осал топқа жататын адамдар онсыз да қиын жағдайда жүр. Сондықтан бақылау олардың жеке өміріне орынсыз араласуға айналмауы керек.
Қоғам белсендісі Гүлнар Умарова мемлекет халыққа сеніммен қарауы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, балалар үйінің түлектері немесе табысы төмен азаматтар кейде амалсыз бірігіп пәтер жалдауы мүмкін. Мұндай өмірлік жағдайды бірден заң бұзу ретінде қабылдауға болмайды.
Заңгерлер де әкімдік өкілдері пәтерге мәжбүрлеп кіре алмайтынын ескертеді. Ережеде тұрғын үйді тінту немесе ішкі кеңістікті тексеру емес, мониторинг жүргізу қарастырылған. Сарапшылардың айтуынша, заң бұзумен күрес рейд арқылы емес, ашық жүйе, түсінікті тәртіп және деректерді дұрыс салыстыру арқылы жүргізілуі тиіс.
Қазір мемлекет жалдау ақысының жартысын көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға төлейді.
Негізгі шарттың бірі отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 50 851 теңгеден аспауы керек.
Мыңдаған отбасы үшін мұндай субсидия баспанасыз қалмаудың жалғыз мүмкіндігі болып отыр. Сондықтан жаңа бақылау тәртібі бір жағынан бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуі керек, екінші жағынан, шын мұқтаж адамдарға артық қысым түсірмеуі тиіс.
Жалдау субсидиясы айналасындағы басты мәселе осы тепе-теңдікте жатыр. Мемлекет жалған схемаға жол бермеуі қажет. Бірақ әлеуметтік көмек алушы азаматтың абыройы, жеке кеңістігі және өмірлік жағдайы да қорғалуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







