БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) жаһандық елшісі Димаш Құдайберген гуманитарлық миссиямен Бангладештің Кокс-Базар өңіріне келді. Халықаралық қауымдастықтың назарына көп іліге бермейтін аймақта мыңдаған адам тұрақты гуманитарлық көмекке зәру, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кокс-Базар – әлемдегі ең ірі гуманитарлық орталықтардың бірі. Мұнда үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, өмір сүруге қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілмеген көптеген адам тұрып жатыр. Өңірдегі жағдай климаттық қиындықтарға байланысты, әсіресе су тасқыны мен циклондардың салдарынан одан сайын күрделене түсуде.
Димаш Құдайберген гуманитарлық сапары барысында ХКҚҰ мен оның серіктес ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, жергілікті тұрғындарға арналған көмек бағдарламаларымен танысады.
Сонымен қатар, халықаралық қауымдастықтың назарын Кокс-Базар өңіріндегі гуманитарлық мәселелерге аудару үшін бірқатар маңызды іс-шараларға қатысады.
БҰҰ агенттіктері мен жергілікті серіктестер мұндағы халыққа баспана, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларында жүйелі түрде көмек беруде. Қазақтың әйгілі әншісінің сапары әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып, аймақ тұрғындарына көрсетілетін көмекті күшейтуді көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







