Алматыда «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының журналист Вадим Борейкоға қарсы іскерлік беделді қорғау жөніндегі азаматтық талап арызы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Даудың өзегі журналистің YouTube желісіндегі «ГИПЕРБОРЕЙ» арнасында және Instagram парақшасында жарияланған материалдарға қатысты болып отыр. Құрылыс компаниясы Борейко өз қызметі туралы жүйелі түрде шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет таратты деп есептейді.
Компания өкілдерінің айтуынша, әңгіме Алматыдағы «PREMIER» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты айтылған пікірлер туралы. Атап айтқанда, журналист құрылыс жүргізуге заңды негіздер мен рұқсат құжаттары жоқ деген мазмұнда мәлімдемелер жасағаны айтылып отыр.
Соттан кейін журналистердің сұрағына жауап берген компания өкілі Бақыт Қасыбаев бұл жарияланымдар сатылымға кері әсер еткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, айтылған ақпарат әлеуетті инвесторлар мен пәтер сатып алушылардың сеніміне ықпал етіп, компанияның беделіне нұқсан келтірген. Компания келтірілген шығын көлемін 71,75 млн теңгеге бағалап отыр.
«Біздің атымызға қазірдің өзінде кір келді. Біз проблемалы компания сияқты қабылданып отырмыз. Осыған байланысты өз құқығымызды қорғап жатырмыз. Біз де азаматпыз, заңды бизнес жүргізіп отырмыз», деді Бақыт Қасыбаев.
Компания өкілі дауды сотқа дейін бейбіт жолмен шешуге бірнеше рет әрекет жасалғанын айтты. Оның сөзінше, Борейкоға қажетті құжаттар танысу үшін көрсетілген.
«Біз онымен тікелей хат алыстық, сөйлестік. Кездесу кезінде де, депутат Базарбек қатысқан сәтте де құжаттардың бәрін көрсеттім», деді ол.
Сот процесі барысында құрылыс компаниясы жарияланған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тануды талап етпек.
Заңдық тұрғыдан мұндай істерде сот үшін бірнеше мәселе маңызды болады. Ең алдымен, жарияланған ақпарат нақты дерек пе, әлде бағалау пікірі ме – осы шекара анықталуы тиіс. Сонымен қатар мәліметтің шындыққа сәйкестігі, оның компания беделіне ықпалы және келтірілген шығынмен себеп-салдар байланысы сотта дәлелденуі қажет.
Әзірге тараптардың ұстанымы ғана белгілі. Құрылыс компаниясы өз беделін қорғап отырғанын айтса, журналист тарапынан қандай уәж келтірілетіні сот барысында айқындалады. Істің түпкілікті құқықтық бағасын сот береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







