Қазақстандықтардың қаржылық өмірі жылдам өзгеріп келеді. Қазір жұрт баспананы арзан несие арқылы алғысы келеді, акциядан табыс табуға қызығады, ал бизнес банк қызметінің жай ақша аударымымен шектелмей, толық цифрлық көмекшіге айналғанын қалайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіпкерлер банктерден жаңа деңгейдегі сервисті күтіп отыр. Әлеуметтік желілерде компания банк қосымшасы арқылы БСН немесе ЖСН бойынша бірден шот шығарып, клиент оны push-хабарлама арқылы бір батырмамен төлей алатын жүйе енгізу туралы ұсыныс айтылып жүр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір компаниялар арасындағы қарапайым мәміленің өзі кейде ұзақ бюрократиялық рәсімге айналып кетеді. Шот, PDF құжат, акт, электронды шот-фактура, қолмен салыстыру – шағын бизнес үшін уақыт пен қосымша шығын. Сондықтан банктер ақша аударымын ғана емес, бухгалтерия мен құжат айналымын жеңілдететін цифрлық құрал ұсынуы керек деген пікір күшейіп келеді.
Ипотека нарығында да жұрттың назары жеңілдетілген бағдарламаларда. Нарықтағы несие қымбаттаған кезеңде кей өңірде тұрғын үйді 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен алу мүмкіндігі әлі бар. Мұндай баспана Жезқазған, Шымкент, Екібастұз, Ақтөбе және Алматы облысының аудандарында ұсынылып отыр.
Ең төменгі 2 пайыздық ипотека әлеуметтік осал санаттарға арналған. Оның қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да топтар бар. Қымбат баспана мен жоғары пайызды несие жағдайында мұндай бағдарламалар халық үшін маңызды мүмкіндік болып отыр.
Тағы бір қаржылық тренд – инвестиция. Қазақстандықтар акция сатып алып, дивиденд арқылы пассив табыс табуға көбірек қызыға бастады. KASE дерегінше, 2025 жылдың соңына қарай жеке инвесторлар шотының саны 700 мыңға жуықтаған.
Алайда дивидендпен өмір сүру үшін үлкен капитал қажет. Инвесторлар талқылаған мысалға қарағанда, шамамен 2,8 млн теңгелік акция пакеті дивиденд әкелгенімен, ол айтарлықтай табыс деңгейіне жетпеген. Қарапайым есеп бойынша, 3 млн теңгелік портфель жылына 10 пайыз табыс берсе, айына шамамен 25 мың теңге ғана түседі.
Сондықтан дивидендпен өмір сүру теория жүзінде мүмкін. Бірақ оған тұрақты әрі қомақты табыс әкелетін ірі капитал керек. Қазіргі жағдайда көпшілік үшін инвестиция бірден күнкөріс көзі емес, ұзақ мерзімді қаржылық тәртіп пен жинақ мәдениетінің бір бөлігі ретінде маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







