Әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарына ит еті жеткізілгені туралы ақпарат қайта тарады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Уәкілетті органдардың мәліметінше, бұл жарияланымдар 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімнің заңсыз айналымына қатысты анықталған оқиғамен байланысты. Сол дерек бойынша құқық қорғау органдары заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізген. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі адам Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапқа тартылған.
Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану нысандарына мұндай өнімнің жеткізілгені, сатылғаны немесе пайдаланылғаны туралы ресми расталған дерек жоқ.
Елордада жануар тектес өнімдерге ветеринариялық-санитариялық бақылау тұрақты жүргізіледі. Оның ішінде ілеспе құжаттарды тексеру, жеткізушілерді бақылау және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалау жұмыстары бар.
Уәкілетті органдардың хабарлауынша, қазіргі кезде Астанада ет өнімдерінің заңсыз айналымы немесе қоғамдық тамақтану нысандарының қызметіне қатысты осындай сипаттағы заң бұзушылық анықталмаған.
Жағдай жауапты органдардың тұрақты бақылауында. Қалада жануар тектес өнімдер, жеткізушілер және санитариялық-ветеринариялық талаптардың сақталуы бойынша мониторинг пен тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
Мамандар тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәлімет таратпауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







