Руслан Желдібай Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол бұған дейін Президенттің көмекшісі, баспасөз хатшысы қызметін атқарған. 2026 жылғы қаңтарда ол осы лауазымнан босатылған еді. Оның орнына бұл қызметке Айбек Смадияров келді.
Желдібай әр жылдары Президент кеңесшісі, баспасөз хатшысы, Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президенттің баспасөз хатшысы қызметінде жұмыс істеді.
Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында туған. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.
Кейін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Уорик университетінде магистр дәрежесін алған.
Контекст
Осы жылдың қаңтарында баспасөз хатшысы қызметін Смадияровқа табыстаған Желдібай:
«Мемлекет басшысы жүктеген мәртебелі міндеттерді үдесінен шығып, абыроймен атқаруға бар күш-жігерімді салдым. Бастаған игі істер мен қабылданған шешімдердің жемісі алдағы уақытта еліміздің игілігіне айналарына кәміл сенемін», – деген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







