Алматыда мектеп бітірген түлектер ұйымдастырған автокортеж тоқтатылды. Бұған дейін мұндай іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, бір топ түлек қала көшелерінде көлік колоннасын ұйымдастырған. Полиция мәліметінше, олар жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған 21 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін шара қолданылған.
Сонымен қатар полиция көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу деректері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырды. Автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Алматы қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, полиция автокортеж ұйымдастыруға, әсіресе оған кәмелетке толмағандардың қатысуына жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерткен. Соған қарамастан кей азаматтар заң талабын елемеген.
«Мұндай әрбір дерек бойынша полиция қатаң әрі принципті түрде әрекет етеді. Мерекелік көңіл-күй қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзге азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауы тиіс», деді Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция ата-аналар мен мектеп түлектерін мерекені жауапкершілікпен өткізуге шақырды. Құқық қорғау органдары заң талабын сақтау, жол қозғалысы ережесін бұзбау және өз өмірі мен айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне бейжай қарамау маңызды екенін ескертті.
Түлектер үшін соңғы қоңырау мен мектеп бітіру сәті – есте қалатын кезең. Бірақ қуаныш жолдағы тәртіпсіздікке, қауіпті маневрге немесе қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруге айналмауы керек. Заң бәріне ортақ, ал мереке қауіпсіз өткенде ғана шын мәнінде қуаныш сыйлайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







