Қазақстанда тұрақты тұру үшін шетелге шығу тәртібі жаңарады. Жаңа ережелер 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Ішкі істер министрлігі құжат рәсімдеу тәртібін қайта қарап, процесті цифрлық тексеріс жүйесімен тығыз байланыстырды. Енді қарыз, алимент, әскери есеп, баланың екінші ата-анасының келісімі сияқты мәселелер өтініш берген сәтте-ақ анықталуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Егер азамат құжатты портал арқылы тапсырса, өтініш толық онлайн рәсімделеді. Ол үшін электронды анкета толтырылып, қажетті құжаттардың скан-нұсқалары тіркеледі және өтініш ЭЦҚ арқылы расталады.
Өтініш түскеннен кейін деректер бірнеше мемлекеттік орган арқылы тексеріледі. Олардың қатарында ҰҚК, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қорғаныс министрлігі бар. Келісу рәсіміне 10 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі.
Егер кедергі анықталмаса, рәсім одан әрі жалғасады. Ал бас тартуға негіз болса, азаматқа бұл туралы алдын ала хабарланып, өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беріледі.
Жаңа тәртіп әсіресе құқықтық мәселесі бар азаматтар үшін маңызды. Мысалы, алимент бойынша атқарушылық іс жүргізу болса, кәмелетке толмаған бала бір ата-анамен ғана кететін жағдайда, әскери есепте сұрақтар туындаса немесе отбасы мүшелерінің тіркеу деректері толық болмаса, рәсім күрделенуі мүмкін.
Алимент міндеттемесі бар адам жай ғана өтініш беріп, елден тұрақты тұруға шығып кете алмайды. Ол үшін келісім немесе сот шешімі қажет. Ал 18 жасқа толмаған бала бір ата-анамен ғана шетелге тұрақты тұруға кетсе, екінші ата-ананың нотариалды келісімі талап етіледі. Келісім болмаған жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі.
Оң шешім шыққаннан кейін азамат ел ішіндегі бірқатар рәсімді аяқтауы керек. Атап айтқанда, тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығады, қажет болса әскери есептен алынады, жеке куәлігін, ықтиярхатын немесе азаматтығы жоқ адамның құжатын тапсырады. Содан кейін ғана түпкілікті рұқсат рәсімделеді.
Қазақстан азаматтығынан шыққан немесе азаматтығын жоғалтқан адамдарға қатысты бөлек тәртіп қарастырылған. Олар алдымен Қазақстан аумағында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам ретінде тіркелуі керек. Тек содан кейін ғана ПМЖ-ға шығу құжаттарын рәсімдей алады.
Жалпы жаңа тәртіпті тыйым салу шарасы деп түсінуден гөрі, цифрлық бақылауды күшейту ретінде қабылдаған дұрыс. Бұрын кей сәйкессіздік кейін анықталса, енді жүйе оны өтініш беру кезеңінде-ақ көрсетеді.
Сондықтан шетелге тұрақты тұруға кетуді жоспарлаған азаматтар алдын ала дайындалғаны жөн. Қарыздың, атқарушылық істің, алимент бойынша міндеттеменің бар-жоғын, әскери есептің өзекті екенін және балаларға қатысты құжаттардың толық рәсімделгенін ертерек тексеріп алған дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







