Қазақстандық салымшылар жақын арада банк депозиттері бойынша табыстылықтың кезекті төмендеуіне тап болуы мүмкін. Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша жаңа шешімін жариялайды, ал қаржы нарығы қатысушыларының басым бөлігі көрсеткіш тағы да қысқарады деп болжап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктер пайыздық мөлшерлемені неліктен азайтады?
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда базалық мөлшерлеме 18%-дан 16,25%-ға дейін төмендеді. Реттеуші оны маусым, шілде және қыркүйек айларында үш мәрте қатарынан қысқартты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, нарық сарапшыларының 85%-ы мөлшерлеме 15,75–16% деңгейіне дейін түседі деп есептейді.
Мұндай өзгеріске негізгі себеп — инфляцияның бәсеңдеуі. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қыркүйекте тұтыну бағаларының жылдық өсімі тамыздағы 9,8%-дан кейін 9,3%-ға дейін баяулады. Тұтыну бағаларының өсімі саябырсығанда, Ұлттық банк экономикадағы ақша құнын арзандату мүмкіндігіне ие болады.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі салымшылардың табысына тікелей әсер етеді: нарықтағы ақша құны арзандаған сайын, банктер жаңа депозиттер бойынша ұсынатын сыйақыны қысқартады.
Нәтижесінде қаржы ұйымдарына қаражат тарту арзандай түседі. Сондықтан жеке тұлғалардан бұрынғыдай жоғары пайызбен салым тарту банктер үшін біртіндеп өзінің тиімділігін жоғалтады.
Жоғары пайызды салымдар нарықтан кете бастады
Кірістіліктің азаюы — тек алдағы кезеңнің болжамы емес, қазірдің өзінде нақты жүріп жатқан үрдіс. Екінші деңгейлі банктер депозиттік өнімдерінің талаптарын біртіндеп қайта қарауда.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мониторингіне сүйенсек, қыркүйек айында теңгелік депозиттер бойынша максималды жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 20%-дан төмендеп, 19,6%-ды құраған. Осылайша бұған дейін халыққа ұсынылған 20–20,5% деңгейіндегі ең жоғары шарттар нарықтан біртіндеп ығысып келеді.
Бұрын ашылған депозиттерге қауіп бар ма?
Қолданыстағы салымдар үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Егер келісімшарт белгілі бір мерзімге бекітілген болса, ондағы пайыз мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді. Банктер бекітілген шарттарды өз еркімен төмендете алмайды.
Алайда салымның мерзімі аяқталып, оны ұзарту (пролонгация) кезінде немесе жаңа шот ашқанда банк ұсынатын мөлшерлеме төмен болуы ықтимал. Сол себепті қазіргі жоғары табыстылықты бекітіп алғысы келетін азаматтарға жинақ шартын мұқият қарап шығу маңызды.
Басты мәселе шешім жарияланғанға дейін үлгеруде емес, жоғары мөлшерлемені қанша уақытқа бекітуге болатынында және салынған ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алмауға сенімді болуда жатыр.
Мәселен, жинақ депозиттері ең жоғары пайыз ұсынғанымен, олардан мерзімінен бұрын қаражат алуға қатаң шектеулер қойылған. Ал мерзімсіз депозиттер қаражатты кез келген уақытта алуға мүмкіндік бергенімен, олардың табыстылығы төменірек болады.
Салымшы нені білуі керек?
Қаражатты орналастыру кезінде мемлекеттік кепілдік шегін де ұмытпаған абзал. Депозиттерге кепілдік беру қоры теңгелік жинақ салымдарына 20 миллион теңгеге дейін, өзге теңгелік салымдар мен шоттарға 10 миллион теңгеге дейін, ал шетел валютасындағы депозиттерге 5 миллион теңгеге дейін кепілдік береді.
Егер Ұлттық банктің жеңілдету саясаты алдағы айларда да жалғасса, депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі тағы да төмендеуі мүмкін. Сондықтан бос қаражатын банкке салуды жоспарлап жүрген азаматтарға шарттарды алдын ала саралап, тиімді шешім қабылдауға кеңес беріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







