Жазушы Дәурен Қуат Алтын Орда мұрасын тану, қазақ тарихын жүйелі зерттеу және ұлттық сананы жаңғырту мәселесіне қатысты ойымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жазушының айтуынша, қазақ қоғамында тарихын толық танып өспеген буын бар. Алайда ол мұны ең үлкен қасірет деп санамайды. Оның ойынша, нағыз мәселе – тарихты білмеуде емес, оны білуге ұмтылмауда, танымай қалуда емес, тануға талпынбауда.
Дәурен Қуат мектеп қабырғасында жүргенде тарих пәнін аса қызығып оқымағанын айтады. Кеңестік кезеңдегі оқулықтарда қазақ тарихы толық әрі терең берілмеген. Ал жоғары оқу орнында КПСС тарихын оқыту, съездер мен пленум шешімдерін жаттау сол заманның білім жүйесіндегі ауыр мұраның бірі болды. Жазушының пікірінше, сол кездегі «тарих кітаптары» қазақ баласына «сендерде тарих жоқ» дегендей әсер қалдыратын.
Оның айтуынша, қазақтың төл тарихына деген сағынышты бір кезеңде Ілияс Есенберлин бастаған қаламгерлердің тарихи романдары басты. Бірақ көркем шығарма – ғылыми тарихтың орнын толық алмастыра алмайды.
Онда жазушы қиялы, көркемдік шешім, қосымша кейіпкер мен оқиға араласатыны белгілі. Сондықтан Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тарихын мұрағат, археология, этнография, нумизматика, антропология сияқты нақты ғылыми бағыттар арқылы жүйелеу қажеттігі туындады.
Жошы ұлысынан бүгінгі Қазақстанға дейін
Дәурен Қуаттың ойынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси және қоғамдық аласапыран тарих ғылымына да әсер етті. Бір жағынан, бұрынғы жабық тақырыптарға жол ашылды. Екінші жағынан, псевдо-тарихшылар көбейіп, қазақтың арғы тарихы жүйесіз пайымдала бастады. Тіпті қазақ тарихын тек Тәуелсіздік кезеңінен бастау керек деген асыра пікірлер де айтылды.
Жазушы қазіргі кезеңде осы жүйесіздікті ғылыми арнаға салудың мүмкіндігі туғанын атап өтеді. Оның пікірінше, алыс-жақын елдердің мұрағаттарын ақтарып, тарихшы, археолог, түрколог, этнограф және басқа да мамандардың әлеуетін пайдалану – ұлттық тарихи сананы орнықтыру үшін қажет қадам.
Осы тұрғыдан алғанда, Дәурен Қуат Ақорданың Алтын Орда тақырыбын ғылыми деңгейде көтеруін құптайды. Оның айтуынша, «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған маңызды іс-шара болды.
Жазушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді» деген ойына ерекше мән береді. Оның пікірінше, тарихи сана оянбай, ұлттың ішкі тірегі күшеймейді. Ал Алтын Орда мұрасын жүйелі зерттеу – сол сананы сілкіндіретін маңызды бағыттың бірі.
Дәурен Қуат симпозиумда Жошы ұлысының дәуірлеген кезеңдегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды қамтығаны айтылғанына да назар аударады. Оның ойынша, мұндай деректерді ғылыми айналымға енгізу тарихи әділеттілік үшін ғана емес, қазіргі геосаяси кеңістікте қазақ жерінің, қазақ мемлекеттілігінің және дала өркениетінің терең тамырын көрсету үшін де маңызды.
Алтын Орда және қазақтың елдік санасы
Жазушының пайымынша, Алтын Орда – жай тарихи атау емес, империялық қуаты болған мемлекет. Ұлы бабалары құрған осындай мемлекеттің мұрасын түсініп өскен ұрпақтың рухы биік болады. Ол өз тарихынан қысылмайды, кеудесін ешкімге бастырмайды.
Дәурен Қуат Алтын Орда дәуіріндегі дәстүрлерді де қоғамдық-институционалдық мектеп ретінде қарастырады. Оның айтуынша, өркениетті мемлекет өткеннің бәрін сол күйінде көшірмейді, бірақ озық үлгілерін жаңғыртып, бүгінгі заманға бейімдей алады.
Жазушы осы бағыттағы істердің басы-қасында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жүргенін атап өтіп, оның туған күніне байланысты құттықтауын да білдірді. Оның ойынша, Алтын Орда тақырыбын ғылыми, саяси және қоғамдық деңгейде көтеру – ұлт санасын тереңдететін мәні бар жұмыс.
Дәурен Қуат «Астанада бір жиын өтті, оның бізге не қатысы бар?» деп қарайтындарға мұндай мәселенің салмағын терең түсіну керек екенін айтады. Себебі оянған сана мен халық рухынан күшті құндылық аз. Жазушының негізгі түйіні де осы: қазақ Алтын Орда империясының мұрагері екенін ұмытпауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







