Экономист Айдархан Құсайынов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұмангариннің халық табысы мен жалпы ішкі өнім өсіміне қатысты жазбасын сынға алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құсайыновтың айтуынша, Үкімет өкілі ұзақ мерзімді көрсеткіштерді алға тартып, халық табысы мен экономикалық өсім бір-біріне жақын жүр деген тұжырым жасайды. Алайда экономист мұндай байламмен келіспейді. Оның пікірінше, дамыған экономикаларда халық табысының өсімі көп жағдайда ЖІӨ өсімінен озып отырады, себебі тұтыну экономиканың негізгі қозғаушы күшінің бірі саналады.
Вице-премьер 2010-2024 жылдар аралығындағы деректерді келтіріп, осы кезеңде ЖІӨ 78,9 пайызға, ал нақты табыс 77,2 пайызға өскенін жазған. Құсайыновнеге есеп 2024 жылмен шектелгеніне назар аударады. Оның айтуынша, 2025 жылғы деректер де белгілі. Егер 2010-2025 жылдар аралығын алсақ, ЖІӨ 89 пайызға өссе, нақты табыс 72 пайыз ғана артқан. Яғни көрініс өзгереді.
Экономист ең маңызды айырмашылықты кезеңдерге бөліп көрсетеді. Оның есебінше, 2010–2020 жылдары ЖІӨ 51 пайызға, халық табысы 58 пайызға өскен. Ал 2020-2025 жылдары ЖІӨ 25 пайызға ұлғайғанымен, халық табысы небәрі 9 пайызға ғана артқан. Кусаиновтың ойынша, 2010 жылдан басталатын ұзақ кезең кейінгі бес жылдағы әлсіз нәтижені көлеңкеде қалдыруға мүмкіндік береді.
Ол 2010-2020 жылдары халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған арнайы ұрандар көп болмағанын, ал 2020-2025 жылдары табысты көбейту туралы бағдарлама да, риторика да жеткілікті болғанын еске салады. Бірақ нақты сандар басқа шындықты көрсетіп тұр.
Әдемі есептің ар жағындағы сұрақ
Құсайынов ЖІӨ өсімі мен табыс арасындағы алшақтықты да бөлек мәселе деп есептейді. Оның айтуынша, саудада тауар көлемі, құрылыста тапсырылған алаң, көлікте тасымалданған жүк пен жолаушы саны өссе, жалақы неге ілеспей қалды деген сұрақ ашық тұр.
Экономика қалыпты қарқынмен өссе, табыс пен ЖІӨ әртүрлі қозғала беруі мүмкін. Бірақ соңғы жылдары ЖІӨ өсімі жеделдеді делінсе, халық табысының төмен қарқынмен өсуі түсіндіруді қажет етеді.
Экономист «орта табыс тұзағы» туралы уәжді де сынға алды. Оның айтуынша, 2013 жылдан бері жалақының ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 31 пайыз деңгейінде қалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жалақы үлесінің 31,7 пайыз болуы қолайсыз екенін және оны Ескі Қазақстаннан қалған ауыр мұра деп атаған еді.
Құсайыновтың мысқылына сүйенсек, Үкіметтің бірнеше жылдық күш-жігерінен кейін көрсеткіш 31,7 пайыздан 31 пайызға ғана түскен. Енді осы жағдай «орта табыс тұзағы» ретінде түсіндіріліп отыр.
Сарапшы Үкімет жанындағы экономикалық өсімді қамтамасыз ету штабының жекелеген кәсіпорын мәселесін шешуге бағытталған жұмысын да күмәнмен бағалайды. Оның пікірінше, мемлекеттік саясат нақты компаниялардың жедел проблемасын шешетін бизнес-қызметке айналып кетпеуі керек. Құсайынов мұндай кейстерді қалыпты басқару жүйесінде бөлек тексеруге негіз болатын мысалдар деп санайды.
Экономистің сыны бір мәселеге тіреледі: Қазақстанда экономикалық өсім туралы әдемі есеп көп, бірақ сол өсімнің қарапайым азаматтың табысына қалай жететіні түсініксіз. ЖІӨ өсті деген сан жұрттың жалақысына, азық-түлік себетіне, коммуналдық төлеміне және несие жүктемесіне әсер етпесе, мұндай өсімнің әлеуметтік мағынасы әлсірейді.
Құсайынов көтерген мәселе Үкімет үшін ыңғайсыз болуы мүмкін. Бірақ қоғамға керегі де осы – қағаздағы пайыз емес, қалтадағы нақты табыс. Экономикадағы басты өлшем халықтың күнделікті өмірінде сезілуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







