Алматы әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан технологиялық экожүйелер рейтингінде тоғызыншы орынға ие болды. Бұл туралы Dealroom.co аналитикалық платформасы дайындаған «The Global Tech Ecosystem Index 2026» есебінде айтылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өткен жылмен салыстырғанда, Алматы бұл рейтингте екі сатыға көтерілген. Рейтинг әлемнің әртүрлі елдері мен қалаларындағы технологиялық экожүйелердің дамуын бағалайды. 2026 жылғы зерттеуде 77 елдің 325 қаласы талданған.
«Rising Stars» категориясы қарқынды дамып келе жатқан, жаңа нарықтарға арналған. Рейтинг құру кезінде абсолютті көрсеткіштер ғана емес, аймақтың экономикалық даму деңгейін ескере отырып, технологиялық сектордың өсу қарқыны да есепке алынады.
Dealroom әдіснамасына сәйкес, экожүйелердің даму көрсеткіштері венчурлық инвестиция көлемі, технологиялық компаниялардың жалпы құны, патенттік белсенділік, «единорог» компаниялардың болуы, сондай-ақ бизнестің ғылыми-зерттеу университеттерімен өзара байланысы сияқты критерийлер бойынша бағаланады.
Алматының рейтингтегі позициясының жоғарылауы қаланың инновациялық әлеуетінің артуын және инвесторлардың Қазақстанның технологиялық секторына деген қызығушылығының өсуін көрсетеді.
Dealroom.co стартаптар, венчурлық капитал және технологиялық экожүйелер саласындағы әлемдегі жетекші аналитикалық платформалардың бірі. Компанияның деректерін инвесторлар, ірі корпорациялар мен мемлекеттік органдар инновациялық нарықтардың даму перспективаларын бағалауда пайдаланады.
Айта кету керек, бұған дейін де Алматы аймақтағы ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық орталықтар қатарына енген еді. Биылғы есепте Алматы өз позициясын жақсартып, әлемдік Rising Stars рейтингінің алғашқы ондығына тұрақты түрде енді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







