Астана тұрғыны eGov мобильді қосымшасындағы жеке медициналық деректерін қарап отырып, өзі ешқашан бармаған ондаған дәрігерлік қабылдаулар мен ем-дом шараларының ресми тіркелгенін байқаған. Тізімнің ішінде ер адамға еш қатысы жоқ акушер-гинеколог тексерісі мен жүктілікке қатысты сараптамалардың да жазылып тұруы желі қолданушыларының жағасын ұстатып, медициналық сақтандыру жүйесіндегі кезекті қаржылық былықтың бетін ашты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күлкілі әрі сұмдық «диагноздар»
Елордалық тұрғын цифрлық құжаттарын ашқан кезде өзінің түрлі емханаларға «тұрақты барып тұратын белсенді науқас» екенін кездейсоқ білген. Жазбаларға сүйенсек, ол соңғы айларда қан тапсырып, түрлі вакциналар салдырып, ультрадыбыстық зерттеулерден өткен болып шықты.
Алайда құжаттағы ең сорақысы – ер азаматтың атына әйелдер дәрігерінің қызметі тіркеліп, тіпті аналарға арналған арнайы скринингтердің толық «өткізілгені» көрсетілген.
Қағаз жүзінде жүргізілген осындай жалған қабылдаулар желіде қызу талқыланып, халықтың ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары да жаппай өз қосымшаларын ашып қарап, өмірде естіп көрмеген дәрігерлер мен емдеу курстарының тіркеліп кеткенін жарыса жаза бастады.
Механизм қалай жұмыс істейді: «өлі жандар» арқылы ақша жымқыру
Беймәлім қабылдаулардың жаппай көбеюі – жай ғана техникалық қателік емес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘСМҚ) заңсыз қаржы алудың жолға қойылған алаяқтық схемасы.
Қолданыстағы ереже бойынша сақтандыру қоры емханаларға әрбір көрсетілген қызмет үшін белгіленген тариф бойынша төлем жасайды. Дәрігердің әрбір қабылдауы, тапсырылған сынамалар мен сараптамалар қазынадан нақты ақша болып аударылады. Пайдаға кенелгісі келген кейбір медициналық ұйымдар азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) заңсыз пайдаланып, іс жүзінде жасалмаған мыңдаған қызметті базаға жаппай енгізіп жібереді. Нәтижесінде емханаға аттап баспаған адам «емделді» болып тіркеліп, қордың миллиардтаған қаржысы жеке клиникалардың қалтасына түсіп отырған.
3,5 миллиард теңгелік залал және қылмыстық істер
Бұған дейін құқық қорғау органдары осындай жалған тіркеулер мен «виртуалды науқастардың» салдарынан мемлекет қазынасы қыруар шығынға батқанын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Қаржы мониторингі агенттігі жүйедегі заңсыздықтар бойынша 36 қылмыстық істі тергеп, анықталған шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асқанын хабарлаған еді.
Тексеру кезінде 140 мыңға жуық қазақстандықтың өздері білмейтін емханаларға заңсыз бекітіліп кеткені әшкереленді.
Мәселен, елордадағы жеке клиникалардың бірінде 15 мыңнан астам азаматты сырттай тіркеп, ақпараттық жүйе арқылы 79 миллион теңгенің жалған медициналық қызметін рәсімдеген жетекшілер сотталған болатын. Ал Алматы облысындағы стоматологиялық орталықтардың бірі кәмелетке толмаған балалардың құжаттарын пайдаланып, 4,5 мыңнан аса жалған қабылдау жасағаны үшін жауапқа тартылды.
Цифрландырудың осалдығы және қоғам күдігі
Ер адамның атына гинеколог қабылдауын жазып қою – отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық бақылаудың қаншалықты шарасыз екенін көрсетті. Миллиондаған қаражат бөлінген цифрлық базалардың тіпті пациенттің жынысы мен дәрігердің мамандығы арасындағы қарапайым логикалық сәйкестікті автоматты түрде тексере алмауы күлкілі әрі қауіпті жағдай.
Ай сайын жалақысынан міндетті медициналық сақтандыруға ақша төлеп жүрген қарапайым халық қажетті дәрігерге апталап кезекке тұра алмай жүргенде, емханалардың жалған жазбалар арқылы қазынаны тонауы әлеуметтік наразылықты өршітіп отыр. Қоғам өкілдері цифрлық платформаларға тәуелсіз аудит жүргізіп, сақтандыру қорынан миллиондаған қаржыны заңсыз қалтаға басқан барлық емханалар мен олардың жетекшілерін қатаң жазалауды талап етуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







