Павлодардағы жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде тісін емдеткен үш жасар қыз бала есін жия алмай, комаға түсті. Дәрігерлердің немқұрайлығы салдарынан жағдайы күрт нашарлаған бүлдіршін үшінші тәулік бойы жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Көзі алайып, тынысы тарылды»: оқиғаның мән-жайы
Қайғылы жағдай 21 қазан күні Лермонтов көшесінде орналасқан стоматологиялық орталықта болған. Анасы кішкентай қызының мазасын алған тістерін емдету үшін жеке клиникаға алып келген. Алайда ем-дом шаралары кезінде сәбидің халі кенеттен нашарлай бастаған.
Жантүршігерлік оқиға туралы бүлдіршіннің туысы әлеуметтік желіде жариялап, дәрігерлердің немқұрайлығы салдарынан қымбат уақыттың жоғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, кішкентай қыздың тыныс алуы бұзылғанына қарамастан, стоматолог жұмысын бірден тоқтатпай, анасының дабылына салқынқанды қараған. Кабинетте тіпті шұғыл көмек көрсететін реанимациялық дәрі-дәрмек жиынтығы да болмаған көрінеді.
«Тісін емдеп жатқан кезде баланың көзі алайып, тыныс алуы қиындады. Стоматолог оны көре тұра процедураны тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Анасының “бірдеңе дұрыс емес” деп шырылдағанына дәрігер “басылады” деп жауап қайтарған. Кабинетте шұғыл көмек көрсететін дәрі-дәрмек қобдишасы болмады. Сіңлімнің жедел жәрдем шақыру туралы өтінішіне клиника қызметкерлері назар аудармады. Тек оның жылап, жанұшыра айқайлағанынан кейін көрші кабинеттегі мейірбике 103 нөмірін терді», – деп жазды бүлдіршіннің жақыны.
Көп ұзамай баланың аузынан көбік ағып, есінен танып қалған. Алайда тіс дәрігері шұғыл медициналық әрекет жасаудың орнына, бір шетке шығып тұрып алған.
Жүректің екі мәрте тоқтауы және жансақтау бөлімі
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың 21 қазан күні сағат 15:45-те жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілгенін растады. Ауыр халдегі бүлдіршін қабылдау бөлімін айналып өтіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
Кішкентай қыздың жүрегі ауруханаға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде бір рет тоқтаса, екінші рет облыстық балалар ауруханасының қабырғасында соғуын тоқтатқан. Ақ халаттылардың күшімен жүрегі қайта соққанымен, миға оттегі жетіспеуі салдарынан ол терең комаға түсті. Қазір үш жасар бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Облыстық дәрігерлер Астанадағы Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығы және Кардиохирургия орталығының мамандарымен телемедицина арқылы байланысып, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға тырысуда.
Клиника басшылығы болса, барлық процедуралар бекітілген медициналық хаттамаларға сай орындалғанын айтып ақталуда. Олар ресми тексеру жүріп жатқанын алға тартып, қызметкерлерді кінәлауға асықпауға шақырды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын тексеруге кірісті.
Балалармен ойнаған медициналық бизнес
Бұл оқиға Қазақстандағы жеке стоматологиялардағы бақылаусыздықтың кезекті қасіретті көрінісі болды. Соңғы жылдары елімізде балалардың тісін «медикаментозды ұйқы» немесе жалпы наркоз арқылы емдеу сәнге айналды. Жеке клиникалар мұны «ауыртпайтын, қорқынышсыз заманауи әдіс» ретінде жарнамалап, ата-аналардан жүздеген мың теңге ақы алады.
Алайда сол коммерциялық мекемелер балаға толыққанды анестезия беруге қаншалықты құзыретті? Бұған дейін де Астана мен Алматыда дәл осындай наркоздан кейін оянбай қалған сәбилердің тағдыры қоғамды шулатқан еді.
Көптеген жеке клиникаларда балалар анестезиологы мен реаниматологының біліктілігі тексерілмейді, анафилактикалық шок немесе тыныс алу тоқтаған жағдайда қолданатын арнайы құралдар мен дәрілер жетіспейді. Лицензия алып, тек табыс табуды көздейтін орталықтарда кішкентай пациенттердің өмірі үлкен қауіпке тігілуде.
Арнайы реанимациялық жабдығы, білікті маманы және төтенше жағдайға дайын базасы жоқ мекемелерге балаларға жалпы наркоз салуға қатаң тыйым салынбайынша, дәрігерге өз аяғымен барып, табытта немесе комада қайтатын сәбилердің қайғылы оқиғасы тоқтамайды.
Денсаулық сақтау министрлігі жекеменшік клиникаларға наркоз беру құқығын берерде талапты түбегейлі қатаңдатуы қажет. Павлодардағы оқиға медициналық бизнестің жауапкершілігін қатаң заң шеңберіне алатын уақыттың әлдеқашан жеткенін дәлелдеп берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







