Астанадағы Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде театрға ұлттық мәртебе берілетінін мәлімдеген еді. Өнер ұжымы Мемлекет басшысының шешімін отандық мәдениетке көрсетілген жоғары құрмет, шығармашылық қауымдастықтың көпжылдық еңбегіне берілген әділ баға ретінде қабылдады.
Максим Горький атындағы театр еліміздегі ең көне мәдениет ошақтарының бірі саналады. Биыл өнер ордасының құрылғанына 125 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт бойы театр елордадағы рухани кеңістіктің маңызды тірегіне айналып, көрерменге классикалық және заманауи қойылымдарды ұсынып келеді.
Театр директоры Ғани Кәрімовтің айтуынша, Президент шешімі ұжым үшін тарихи оқиға әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды кезең.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың театрымызға «ұлттық» мәртебе беру туралы шешімі біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл – ұжымның көпжылдық еңбегі мен шығармашылық ізденістеріне берілген жоғары баға. Осы орайда театр ұжымы атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Ғани Кәрімов.
Бүгінде театр қазақ драматургиясының үздік туындыларын орыс тілінде сахналау арқылы ұлттық мәдениетті кең аудиторияға танытып жүр. Репертуарда «Шыңғыс хан», «Хан Кене», «Томирис – сақ патшайымы», «Соңғы тәубе», «Әлия», «Сәкен Сейфуллин» секілді тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарға арналған қойылымдар бар.
Өнер ордасы халықаралық сахнада да Қазақстан мәдениетін танытып келеді. Ұжым SAMGAU фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған. Сонымен қатар «Ресейдегі кездесулер», «Алтын Витязь» секілді беделді фестивальдерде өнер көрсетіп, Сербия, Қытай, Испания және Венгрияда өткен халықаралық жобалар мен гастрольдік сапарларға қатысқан. 2023 жылы театр UMAI ұлттық сыйлығының «Үздік драмалық спектакль» аталымында жеңімпаз атанды.
Ғани Кәрімов ұлттық мәртебе театрдың шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, халықаралық байланыстарды нығайтуға жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, алдағы кезеңде шетелдік режиссерлермен бірлескен жобалар көбейіп, халықаралық фестивальдер мен гастрольдік бағдарламаларға қатысу ауқымы кеңейеді. Сонымен бірге театрға танымал өнер мамандарын тартуға, техникалық мүмкіндіктерді жаңғыртуға және сахналық сапаны арттыруға басымдық беріледі.
Алдағы уақытта ұжым қазақстандық авторлармен жұмысты күшейтіп, заманауи драматургияны дамытуға, жас шығармашылық иелерін қолдауға және көрерменге ұсынылатын қойылымдардың мазмұнын байытуға мән бермек.
«Ұлттық мәртебе – өткен жолымызға берілген баға ғана емес, болашаққа артылған үлкен жауапкершілік. Біз алдағы уақытта да көрермен сенімін ақтап, Қазақстанның театр өнерін халықаралық деңгейде таныту жолында аянбай еңбек ете береміз», – деп түйіндеді Ғани Кәрімов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







