Қарағандыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған Қазақстанның Ұлттық нейрохирургтарының VI Конгресі басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Екі күнге созылатын ауқымды ғылыми форум Қарағанды медицина университетінің базасында өтіп жатыр. Конгреске еліміздің барлық өңірінен келген 200-ге жуық нейрохирург, ғалым, дәрігер және жас маман қатысуда.
Қазақстандағы нейрохирургия саласының ең ірі кәсіби алаңдарының бірі саналатын жиында нейрохирургиялық қызметті дамытудың өзекті мәселелері талқылануда. Форум жұмысына Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары, өңірлік медициналық ұйымдардың өкілдері және халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысы бар сарапшылар қатысып отыр.
Конгресс қатысушыларына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хаты жолданды. Ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, өңір басшылығы мен медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Қазақстан нейрохирургтар қауымдастығының президенті, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқармасының төрағасы, академик Серік Ақшолақовтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары отандық нейрохирургия үлкен даму жолынан өтті.

«Тәуелсіздіктің 35 жылы ішінде Қазақстанда мамандандырылған нейрохирургиялық қызмет қалыптасты. Жоғары технологиялық операциялар енгізілді, жаңа орталықтар ашылды және қазақстандық мамандар халықаралық деңгейде мойындалды», – деді академик.
Оның пікірінше, осы кезеңдегі ең маңызды жетістіктердің бірі – Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылуы. Бүгінде бұл мекеме жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, ғылыми зерттеу жүргізу және кадр даярлау бағытында халықаралық деңгейде танылған орталықтардың қатарына кіреді.
Жас нейрохирургтарға жаңа мүмкіндік
Конгресс бағдарламасына 53-тен астам ғылыми баяндама енгізілген. Қатысушылар күрделі ми және жұлын ауруларын емдеу, қан тамырлары патологиялары, нейроонкология, балалар нейрохирургиясы, функционалдық нейрохирургия және эпилепсияны хирургиялық емдеу бағытындағы жаңа тәсілдерді талқылауда.
Сонымен қатар форум барысында шеберлік сабақтары, симуляциялық тренингтер және практикалық дәрістер ұйымдастырылған. Бұл жас дәрігерлер үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Конгрестің маңызды бөлігінің бірі – жас ғалымдар байқауы. Байқауда резиденттер мен жас нейрохирургтар өздерінің ғылыми зерттеулері мен клиникалық жұмыстарын таныстыруда. Үздік қатысушылар академик Серік Ақшолақов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталады.
Форум аясында еліміздің әр өңірінен келген 18 нейрохирург Қазақстандағы нейрохирургиялық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы марапат алады.

Қазіргі таңда қазақстандық нейрохирургтар халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып, беделді медициналық журналдарда зерттеу нәтижелерін жариялап келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ғылыми форумдардың жиі өтуі де отандық медицинаның әлеуеті артқанын көрсетеді.
Қарағандыдағы VI Конгресс тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және жаңа технологияларды медицина тәжірибесіне енгізуге арналған маңызды алаңға айналып отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер медициналық көмектің сапасын арттыруға және жаңа буын дәрігерлерін даярлауға тікелей ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







