Қазақстанда дарынды жастар мен шығармашылық орта өкілдерін қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың білім, ғылым, өнер және спорттағы әлеуетін ашуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта жас таланттарды ынталандыратын мемлекеттік сыйлықтар, гранттар, стипендиялар және халықаралық білім бағдарламалары кезең-кезеңімен кеңейтілуде.
Жастарға арналған ең беделді марапаттардың бірі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. Ол ғылымда, өнерде және спортта жоғары нәтиже көрсеткен азаматтарға беріледі.
Бүгінде аталған сыйлықтың лауреаттары 380 адамға жетті. Жеңімпаздарға лауреат атағымен бірге арнайы диплом, төсбелгі және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
Президент бастамасымен 2021 жылдан бері «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріліп келеді. 3 млн теңге көлеміндегі бұл қолдау жас қазақстандықтардың тың идеялары мен бастамаларын іске асыруға бағытталған. Осы уақытқа дейін 153 жас аталған грант иегері атанды.
Болашақтың креативті буыны
Мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға да қолдау күшейіп келеді. Жыл сайын мәдениет саласының 75 өкіліне мемлекеттік стипендия тағайындалады. Биылдан бастап оның көлемі екі есе өсіп, 5 млн теңгеге жетті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға арналған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалмақ. Бұл бастама ұлттық өнердің сабақтастығын сақтауға және дәстүрлі орындаушылық мектептерді қолдауға бағытталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздарын ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр. Музыка, театр, хореография, балет, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, кино мен анимация саласындағы үздіктерді арнайы сараптама комиссиясы анықтайды.
Жастардың халықаралық деңгейде білім алып, тәжірибе жинауына да мүмкіндік мол. Қазақстандық студенттер, магистранттар, оқытушылар және мәдениет саласының қызметкерлері «Болашақ», Erasmus+, DAAD, Fulbright, Chevening секілді бағдарламалар арқылы әлемнің жетекші оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өте алады.
Қазір «Креативті индустрия, шығармашылық және өнер» бағыты бойынша «Болашақ» стипендиаттары Royal Conservatoire of Scotland, University of Reading, Stanford University және New York Film Academy сияқты беделді оқу орындарында оқып жатыр.
Шығармашылық бағыттағы жастар үшін тағы бір маңызды мүмкіндік – халықаралық байқау жеңімпаздарына берілетін гранттар мен жоғары оқу орындарына конкурссыз түсу құқығы. Мұндай жеңілдіктер музыка, вокал, балет, хореография және орындаушылық өнер салаларындағы үздіктерге жол ашады.
Креативті Қазақстан формуласы
Дарынды жастарды қолдау тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмейді. Бұл бағытта шығармашылық мектептер, фестивальдер, байқаулар, білім жобалары, қоғамдық және қайырымдылық қорлар да белсенді жұмыс істеп келеді.
Соның бір мысалы – 2024 жылы құрылған BIRLIK көпұлтты ән-би ансамблі. Іріктеу нәтижесінде ансамбль құрамына Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінен құралған 20 үздік биші мен музыкант қабылданды. Бұл жоба мәдени әралуандық пен шығармашылық бірлікті насихаттауға бағытталған.
Креативті индустрияларды дамыту қоры да жас таланттарға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Қор дарынды жастарды анықтауға, инвестиция тартуға, салалық инфрақұрылымды дамытуға және қазақстандық креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға күш салып келеді.
Жыл сайын шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарында білім алуға 1000-нан астам, ал колледждерге 500-ден астам грант бөлінеді. Бұл көрсеткіш мемлекет жастардың шығармашылық әлеуетін елдің мәдени және экономикалық дамуының маңызды ресурсы ретінде қарастыратынын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







