Қазақстанда қыз алып қашу дәстүр емес, адам ұрлау қылмысы ретінде қаралуы тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia. kz.
Омбудсмен Парламент Мәжілісінде сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстелдегі пікірталасқа қатысты түсініктеме берді.
Артур Ластаевтың айтуынша, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан әрбір азамат Конституция мен заң талаптарын бұлжытпай сақтауға міндетті.
Ол өткен жылдың күзінде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін заң күшіне енгенін еске салды. Бұл мәселе 2023 жылдан бастап жүйелі түрде көтеріліп, сараптамалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кез келген адам ұрлау әрекеті заңды өрескел бұзу екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қылмысты мәдениетке, ұлттық дәстүрге, отбасылық жағдайға немесе басқа да себептерге сүйеніп ақтауға болмайды.
«Адам ұрлау қылмысының қазақ халқының дәстүрлеріне де, әдет-ғұрып құқығына да ешқандай қатысы жоқ», – деді Артур Ластаев.
Омбудсмен Қазақстан Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес адам ұрлау 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол неке ұғымы Қазақстан Конституциясында ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде бекітілгенін айтты. Мұндай одақ мемлекет белгілеген тәртіппен тіркелуі керек.
Ластаевтың сөзінше, екі кәмелетке толған азамат отбасы құру туралы шешім қабылдаса, заң оларға қатынастарын уәкілетті органда тіркеу арқылы бірлескен өмір сүруге толық мүмкіндік береді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтарды Конституция мен өзге де заңдардың талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Сарапшылардың пікірінше, қыз алып қашуды қылмыс ретінде нақты бағалау қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейту үшін маңызды. Бұл әйелдердің жеке бостандығын, таңдау құқығын және қауіпсіздігін қорғауға бағытталған қадам саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







