Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Құжат Қазақстанның цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы алдағы бес жылдық негізгі бағытын айқындайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа стратегия ел экономикасын, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік саланы терең цифрлық трансформациялауға бағытталған. Құжатқа сәйкес Қазақстан деректерге негізделген басқару жүйесіне көшіп, жасанды интеллект технологияларын өмірдің барлық саласына енгізуді көздейді.
Бүгінде Қазақстан жасанды интеллектке дайындық индексі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Сонымен қатар электрондық үкіметтің даму деңгейі жөнінен әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Енді мемлекет осы іргетасты жаңа сапалы деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.
Стратегия авторларының бағалауынша, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жаппай енгізу 2029 жылдың соңына қарай елдің жалпы ішкі өнімінің өсіміне жыл сайын қосымша 1,5 пайыздық тармақ қосуы мүмкін. Ал тартылатын инвестиция көлемі 10,5–16,5 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде.
Үш негізгі бағыт
Бірінші бағыт – азаматтардың мүддесіне арналған цифрландыру. Бұл жерде мемлекеттік қызметтер адамның өмірлік жағдайына бейімделіп, проактивті форматта көрсетіледі. Әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да қызметтер азаматтарға өтінішсіз ұсынылатын жүйеге кезең-кезеңімен көшеді.
Стратегия аясында «Әлеуметтік әмиян» экожүйесі кеңейтіледі. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект арқылы аурулардың алдын ала тәуекелдерін анықтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді басқару және медициналық деректерді талдау жүйелері енгізіледі.
Білім беру саласында әр баланың қабілетіне бейімделген жеке оқу траекториялары қалыптастырылмақ. Сонымен қатар халықтың кемінде 20 пайызы генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалануды меңгеруі тиіс деген мақсат қойылған.
Екінші бағыт – бизнес пен жаңа экономикаға арналған цифрлық трансформация. Экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды басқару жүйелері енгізіледі.
Ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай-газ секторы, қаржы жүйесі және шағын бизнес толық цифрландыру кезеңіне өтеді. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы ең ірі жобалардың бірі – ұлттық AI Hub құру. Ол жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған өңірлік орталыққа айналуы тиіс. Хаб құрамында қуатты деректер өңдеу орталықтары, ғылыми ұйымдар және халықаралық технологиялық компаниялар жұмыс істейді.
Жоспар бойынша деректер өңдеу орталықтарының жиынтық қуаты 1 гигаваттқа дейін жеткізіледі. Сонымен бірге Қазақстан кемінде үш халықаралық деңгейдегі технологиялық «unicorn» компанияны қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Үшінші бағыт мемлекеттік аппаратты реформалауға арналған. Мұнда жасанды интеллект мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдетіп, қайталанатын функцияларды қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік шешімдер үлкен деректерді талдау негізінде қабылданады. Бюджеттік жоспарлау мен қаржы бөлу процестері де алгоритмдер арқылы бақыланып, әрбір теңгенің қозғалысын бақылау күшейтіледі.
Қазақстан толық цифрлық елге айналмақ
Стратегияда киберқауіпсіздікке де ерекше назар аударылған. Құжат цифрлық инфрақұрылымды қорғауды, шифрлау жүйелерін жаңартуды және маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді көздейді.
Сонымен қатар «ақылды қала» жүйелері кеңінен енгізіледі. 2029 жылға қарай қала тұрғындарының кемінде 70 пайызы смарт-қала инфрақұрылымының мүмкіндіктерін пайдалануы тиіс. Жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын үштен біріне қысқартуға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан жекелеген цифрлық қызметтерді енгізу кезеңінен толыққанды цифрлық мемлекет құру кезеңіне көшіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, «Digital Qazaqstan» стратегиясы тек технологиялық бағдарлама емес. Ол Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріндегі экономикалық моделі мен мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуді көздейтін ұзақ мерзімді ұлттық жоба болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







